×

Тұтынушылар 43 млн теңгесінен айырыла жаздады

Массаж-креслосын сатып алған тұрғындардан шағым көп түседі

 Дәурен Ерболат 05.07.2023 | 15:49
Фото: Tengrinews.kz

2 аптада қазақстандық тұтынушылар 43 млн теңгесінен айырылып қала жаздады, деп хабарлады СИМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті.

Биыл 19 маусым мен 1 шілде аралығында комитет пен Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық департаменттеріне 947 өтініш түсті. Нәтижесінде 43 млн теңгеге тұтынушылардың құқығы қорғалды.

Оның ішінде 313 өтініш (33%) бойынша құқықтық көмек көрсетілді, 282 өтініш бойынша қанағаттанарлық шешім қабылданды (29,7%). Бұл ретте 12 өтініш бойынша тексеру жүргізілді.

35 бизнес субъектісіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 190-бабының 6-бөлігі бойынша айыппұл арқалайтыны ескертілді. Сондай-ақ 319 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жіберілді.

Жеткізілім кезінде массаж смарт-креслосы деп көрсетілген тауарлардың анығында арзан жамылғы екені анықталды. Мұндай деректер азаяр емес әрі тұтынушылардың құқығы бұзылып жатыр. 19 маусым мен 1 шілде аралығында мұндай заңбұзушылықтар Алматы қаласында және Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында тіркелді.

Шағымдар бойынша (арзан массаж жамылғыларына қатысты) аталған өңірлердегі Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау аумақтық департаменттері тұтынушыларға 8,314 млн теңгені қайтарып берді.

Алматы қаласы және Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы онлайн сауда сегментінде тұтынушылардың құқығын бұзу деректері тіркеліп жатыр.

Аумақтық департаменттер қабылдаған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға шамамен 400 мың теңге қайтарылып, олардың құқығы қорғалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама