×

Халықтың шынайы табысы азайды

Инфляция табыстың өсімін жұтып жатыр

 Дәурен Ерболат 23.06.2023 | 11:52
Фото: Halyq Uni

Қазақстандықтардың жан басына шаққандағы шынайы табысы 5,2%-ға азайған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің 2023 жылғы бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысында жазылған.

Биыл І-тоқсанда Қазақстан халқының жан басына шаққандағы номиналды табысы 10,7%-ға өскен. Алайда жылдық мәндегі инфляция мен азық-түлік бағасының, қызметтер ақысының артуына байланысты табыстың өсімін қымбатшылық еселеп жұтып жатыр. Соның салдарынан халықтың шынайы табысы былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 5,2%-ға азайған, - деп жазылған қорытындыда.

Алдын ала бағалау бойынша, биыл қаңтар-мамырда жалпы ішкі өнімнің өсуі 2022 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 4,5% болды. Тауарлар өндірісі – 3,6%, көрсетілетін қызметтер өндірісі 4,9%-ға өсті. 2023 жылғы мамырда жылдық мәндегі инфляция 15,9%-ға жетті. Азық-түлік тауарларының бағасы – 16,5%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 17,2%-ға, ақылы көрсетілетін қызметтердің бағасы 13,5%-ға артты.

Халықтың жан басына шаққандағы ақшалай кірісі биыл сәуірде 167 мың теңге болып, номиналды мәнде – 10,7%-ға өссе, нақты мәнде 5,2%-ға төмендеген. Осылайша, орташа айлық жалақы 2023 жылғы сәуірде 347,6 мың теңге болып, 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда номиналды мәнде 15,2%-ға артты, нақты мәнде 1,4%-ға азайды.

Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейі биыл бірінші тоқсанда 4,8% болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама