×

«Қаржыны көбірек игергенмен, өнімді аз аламыз»: депутат шаруаларға несие беру талабын қайта қарауды сұрады

Серік Егізбаев Қазақстанда қант мәселесі әлі күнге дейін өзекті екенін айтты

 Дәурен Ерболат 19.06.2023 | 11:41
фото: Halyq Uni

Елімізде қант мәселесі әлі де күрделі. Қазақстан толық импортқа тәуелді. Бұл туралы Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Серік Егізбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қант бойынша жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да толық импортқа тәуелді. Отандық өнідірістің үлесі 10%-ға төмен. Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалы, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9%-ы қамтамасыз етілсе, 2021 жылы ол – 7%-ға, ал 2022 жылы – 6%-ға дейін төмендеді», - деді ол Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Мәжіліс депутаты Үкіметке мәселені шешу жолдарын ұсынды.

Ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз. Бұл – парадокс. Осыған байланысты Үкіметке аталған мәселені шешудің балама жолдарын қарастыруды ұсынамыз. Саланың шешімін таппай отырған мәселелерінің бірі – қаржы институттарының несиелерін кепілмен қамтамасыз ету.

Мәселен, АКК-дан (Аграрлық несие корпорациясы) төртінші буындағы 1 гектар жылыжай кешенін салу үшін «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге несие алу үшін тағы да 1 млрд теңге кепіл ұсыну қажет. Фермерлердің жұмыс істегісі келгенімен, қаржыгерлер цифрларды «ойнатып», олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр, - деді депутат.

Депутат фермерлерге берілетін субсиядияны қайта қарау керек деген пікірде.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің басты міндеттерінің бірі субсидиялау арқылы АӨК дамуын реттеу болып саналады. Бірақ мұнда да барлығы ойдағыдай емес. Фермерлерге несие беру шарттарын, оның ішінде кепілмен қамтамасыз ету талаптарын түбегейлі қайта қарау қажет. «Ойын ережесі» үнемі өзгереді. Қазіргі басшылық құрамның 2021 жылғы қыркүйектен бүгінге дейінгі қызметі аралығында ғана субсидия беруге қатысты бұйрықтар 20 рет өзгертілген», - деді комитет төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама