×

Бұйрықтар уақытында қабылданбаса мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылады – Әлихан Смайылов

Бизнесті реттеу саясатына сәйкес келмейтін 10 мыңнан аса талап анықталды

 Динара Амантай 19.06.2023 | 09:13
Фото: t.me/KZgovernment

Сенбіде Үкіметте кәсіпкерлік саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу және бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті реттеудің 44 саласына талдау жасағаны айтылды. Нәтижесінде жаңа реттеу саясатының шарттарына сәйкес келмейтін 10 108 талап анықталды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлерге қойылатын негізсіз талаптарды жоюға арналған заңнамалық актілерге 386 түзетуден тұратын бірыңғай пул қалыптастырылған. Жақын арада оларды Парламенттегі Бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасына (9 пакет) қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілерге сәйкес талаптардың күшін жоюды және қайта қарауды іске асырып жатыр.

Премьер-министр реттеуші талаптардың күшін жоюға немесе оларды қайта қарауға бағытталған заңға тәуелді актілер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өтті: 625 құқықтық актінің 513-і қабылданды. Сонымен қатар 112 құқықтық акті бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Осы орайда Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне аталған жұмысты 30 маусымға дейін аяқтауды тапсырды.

Салалық бұйрықтар белгіленген мерзімде қабылданбаған жағдайда, Үкімет Аппараты саяси мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тиісті ұсынымдар енгізсін, — деді ол.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында былтыр бизнесті мемлекеттік бақылаудың 35 бағытын автоматтандыру ісі аяқталып, қазір тағы 35 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Автоматты функционалдығы бар Smart Data Ukimet платформасы пайдалануға дайын. Ол қазір жұмыс апробациясынан өтіп жатыр. Осылайша, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі 2024 жылдан бастап іске қосылады.

Премьер-министр ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері осы жылдың 30 маусымына дейін салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің қабылдануын қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама