×

Өнімге сұраныс жоқ: Қарашөкеев былтыр терінің 81 пайызы өңделмей қалғанын айтты

Министр саладағы проблемаларды атап өтті

 Дәурен Ерболат 16.06.2023 | 11:02
Ербол Қарашөкеев, фото: Halyq Uni

2022 жылы Қазақстанда 2,8 млн дана тері (81%) өңделмеген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығындағы проблемалы саласының бірі – тері мен жүнді өңдеу болып отыр.

«Тері өңдеуде 9 кәсіпорын жұмыс істейді. 2022 жылы ірі қара мал терісінің өндірісі 3,4 млн дана болды. Оның шамамен 14%-ы (462 мың дана) өңделді, 5,2%-ы (179,5 мың дана) экспортталды, 81% (2,8 млн дана) – өңделмеген қалдық. Ұсақ мал терісі бойынша 7,9 млн дана өндірілді. Сұраныстың болмауына байланысты ұсақ малдың терісін өңдеу және экспорттау жүзеге асырылмады», - деді министр Сенаттағы Үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, былғары шикізатының экспортын тежеуші фактор – 1 тонна үшін 200 еуро экспорттық баждың болуы.

Бүгінде шағын және орта бизнес үшін экспорттық баж толық алынды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді. Оған қоса, инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі жаңа қуаттарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізіледі, - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің пікірінше, шикізат өңдеудің дамымау себебінің бірі оның жеке шаруа қожалықтарында, шағын шаруа қожалықтарында және фермерлік қожалықтарда өндірілген сапасының төмендігі, және отандық кәсіпорындардың да, экспорттаушылардың да талаптарына сәйкес келмеуі.

Министрдің айтуынша, бұл мәселенің шешімі терінің сапасы маңызды болмайтын өндірістерді дамыту. Мәселен, желатин немесе азықтық қоспаларды өндіру.

Осыған байланысты бүгінде республика бойынша төмендегі жобалар іске асыралады:

  • жалпы қуаты 12 мың тонналық ірі қара малдың терісін өңдеп желатин өндіретін 3 инвестициялық жоба;
  • 2,2 мың тонна көлемінде азықтық қоспаларды өндіру үшін ұсақ мал терісін өңдейтін 1 жоба.

Ербол Қарашөкеев алдын ала болжам бойынша аталған жобаларды іске асыру ірі қара малдың өңделген терісінің үлесін 85%-ға дейін (462 мыңнан 3 млн данаға дейін) ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шешімін таппаған тағы бір өзекті мәселе – жүн өңдеу.

Жүн өңдеудегі проблемалар тері өңдеу проблемаларына ұқсас – шикізат сапасының төмендігі.

Жыл сайын Қазақстанда 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі. Оның тек 33%-ы немесе 13,3 мың тоннасын өңдеуге пайдалануға болады. Жүннің 67%-ы қылшық және жартылай қылшықты жүн. Ол іс жүзінде өңделмейді және тоқыма өнеркәсібінде сұранысы жоқ. Киіз және киізден жасалған аяқ киім фабрикалары аз ғана бөлігін өңдейді, - деді министр.

Биыл ақпанда Ауыл шаруашылығы министрлігі жүнді экспорттауға кедендік баждарды алып тастауға бастамашылық жасаған.

«Жүн өңдеу үлесінің төмен болу мәселесінің шешімі қылшықты және жартылай қылшықты жүнді өңдейтін кәсіпорындар құру болып саналады. Мәселен, Ақтөбе облысында қуаты жылына

2,1 мың тонналық қылшықты жүнді өңдейтін «ҚАЗФИЛТЕК» ЖШС инвестициялық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Ол жылу оқшаулағыш материалдарды дайындау үшін пайдаланылады. Жобаны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеу үлесі бар жүнді өңдеу жөніндегі паспорт енгізілген», - деді ведомство басшысы.

Минстрдің айтуынша, АШМ тапсырмасы бойынша Батыс Қазақстан аграрлық университетінің ғалымдары жылыжайлар үшін гидропоника ретінде қылшықты және жартылай қылшықты жүнді пайдалану технологиясын әзірлеу бойынша зерттеу жүргізіп жатыр.

Зерттеу қорытындысы бойынша технологияларды өнеркәсіптік өндіріске беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, қылшықты және жартылай қылшықты жүнге ішкі нарықта сұранысты тудыруға және дайын өнім түрінде экспортқа шығаруға мүмкіндік береді, - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама