×

«Дұрыстап сөйлесеміз». Сенат төрағасы министрлік деректеріне күмән келтірді

Еркін экономикалық аймақтардан (ЕЭА) тек 10% (16 млрд теңге) салық түскен

 Дәурен Ерболат 01.06.2023 | 11:39
Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда ЕЭА-ларды құруға қомақты қаржы құйылған. Алайда олардың тиімді жұмыс істеп жатқаны күмән тудырады. Сондықтан осы мәселе бойынша дұрыстап сөйлесу керек. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов елімізде ЕЭА-лар жұмыс істеп жатқанын атап өтіп, олардың экономикалық тиімділігіне тоқталды.

«Бүгінде жалпы еркін экономикалық аймақтардың инфрақұрылымына 450 млрд теңге жұмсалды. Алайда өткен жылдың есебі бойынша оның 360 млрд теңгесі салық ретінде қайтарылды. Дегенмен басты көрсеткіштердің бірі – СЭЗ-дің шеңберінде Қазақстанда шығарылмаған бірқатар жаңа тауар мен осы уақытта шығарылған өнімнің сомасы 7 трлн теңгеден асқан. Оның 450 млрд теңгесі экспортқа шығарылды. Сандарға қарасақ, бүгінде ЕЭА өзіне салынған қаражатты ақтай бастады», - деді министрдің орынбасары.

Сенат төрағасы Ілияс Оспанов айтқан деректерге күмән келтірді.

Еркін экономикалық аймақтардың (ЕЭА) мәселесі өзекті. Президент олардың жұмысының тиімділігін бірнеше рет көтерген. Мысалы, Атырау қаласындағы Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі (ЕЭА) жұмыс істей ме? Жұмыс істейді. Жоғары аудиторлық палатаның бізге берген дерегі бар. Біз Үкіметтің бюджет бойынша есеп беруіне дайындалып жатырмыз. Соңғы жылдары мемлекет ЕЭА-ға 162 млрд теңге құйды. Бұл – тек бір еркін экономикалық аймақ. 2013-2020 жылдар аралығында осы ЕЭА қатысушылары 16 млрд (теңге) салық төледі. Бұл – мемлекет салған соманың 10%-ы. Сіз бұл тек басы ғана, нәтиже болады деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ біз фактіге мән береміз. Оларды интернеттен, әлеуметтік желілерден алмаймыз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Осы орайда ол сенаторлардың фактілерді Жоғары аудиторлық палата берген құжаттардан алатынын атап өтті.

«ЕЭА-ларға қомақты қаржы құйылды. Алайда ондағы инфрақұрылым тек 17% қамтамасыз етілді. ЕЭА-да инфрақұрылымның 80%-дан астамы салынбаған. Тағы бір факт, еркін экономикалық аймаққа іс жүзінде 100% инвестиция құйылған. Инвестицияның 99,6%-ы – квазимемлекеттік секторға тиесілі, яғни ЕЭА шетелдік және отандық инвестицияны тарту үшін құрылады. Біз ЕЭА құрсақ, осындай қомақты қаражатты салсақ, салық түрінде тек 10%-ды алсақ әрі квазимемлекеттік компанияларды инвестицияласақ, онда еркін экономикалық аймақтың тиімділігі туралы қалай айта аламыз?

Квазимемлекеттік сектор ЕЭА-сыз инвестиция құя алады. Ол осыларсыз-ақ кәсіпорын сала алады. Менің ойымша, осы еркін экономикалық аймақтарға байланысты дұрыстап сөйлесу керек, - деді Сенат спикері.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта бұл мәселе талқыланатынын атап өтті.

«Мен экономикалық комитеттен сұраймын. 15 маусымда біз Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдаймыз. Осыған біз мұқият дайындалып, АЭА-ға қанша қаражат жұмсалғаны туралы сұрақтар қоюымыз керек», - деп түйіндеді сөзін төраға.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама