Тағы бірнеше кәсіпорын мемлекет меншігіне қайтарылады
Бұл жайлы үкімет мәлімдеді
Үкімет республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдады.
«Көліктік сервис орталығы» акционерлік қоғамының (КСО) акциялары пакетінің 100%-ын сыйға тарту шарты бойынша республика меншігіне беру туралы «Темір Триумф» ЖШС-нің ұсынысы қабылдансын, — делінген құжат мәтінінде.
«КСО» АҚ Қазақстандағы 400-ден астам теміржол кірме жолдарының теңгерім ұстаушысы екенін атап өткен жөн.
«Сондай-ақ сыйға тарту шарты бойынша «Integrity Solutions» ЖШС ақпараттық-коммуникациялық салада қызмет көрсететін «Soft Art» ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50%-ын республика меншігіне береді», – делінген ақпаратта.
«Bridge capital investments limited» жеке компаниясы мемлекетке тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін «Акмолит» ЖШС, «Мархит» ЖШС, «Топаз-НС» ЖШС жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерінің 100%-ын береді.
«КСО» АҚ акциялары және аталған серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының орналастырылатын акцияларына төлеуге беріледі, – делінген қаулыда.
Құжат қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкімет жанынан экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылды. «Қазақтелеком» акцияларының 28,8 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылады.