×

Үкімет жанынан экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылды

Бүгін комииссияның алғашқы отырысы өтті

 Ербол Тұрымбет 24.03.2022 | 12:09
фото: primeminister.kz

Комиссия құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бірінші басшылары, Үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кірді.

Комиссияның міндеті – монополиясыздандыру бойынша ұсынымдар әзірлеу. Атап айтқанда, комиссия жұмысы шеңберінде телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа салалардағы негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселелері қаралады.

Бүгін комиссияның алғашқы отырысы өтті, онда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев және т. б. баяндама жасады.

Алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы құрылыс саласындағы монополист компаниялар туралы айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама