×

BI Group елордада үлестік құрылыстың 60%-ын иемденіп алған – Серік Жұманғарин

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы құрылыс саласындағы монополист компаниялар туралы айтты

 Ербол Тұрымбет 15.02.2022 | 11:48
коллаж. Halyq Uni

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі былтыр тұрғын үй нарығына талдау жүргізген. Онда елордада үлестік құрылыс нарығының көп шоғырланғаны анықталған. Ал ондағы BI Group холдингінің бір ғана құрылыс салушысының үлесі 60%-дан асады.  

«Жыл сайын тұрғын үй құрылысы көлемі 10%-дан аса ұлғайып барады. Алайда, нарықты дамытудың орнына, ойыншылар саны артып, жетекші құрылыс салушылардың үстемдігі күшейіп келеді. Нәтижесінде, соңғы 5 жылда бастапқы тұрғын үй бағасының жылдық индексі 1,3%-дан 16,6%-ға дейін, яғни 12 еседен аса қымбаттап кеткен», - деді агенттік басшысы.

Агенттік төрағасы Серік Жұманғариннің сөзінше, ірі құрылыс компанияларына жер телімдерін алуда да артықшылықтар берілген.

Мысалы, Астана арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімдер шығарумен 50 инвестициялық жоба, тұрғын үй және әкімшілік кешендер салу бойынша 135 жоба іске асырылады. Соның ішінде 65 тұрғын үй объектісі BI Group холдингіне, тоғызы - «Базис-А», жетеуі - «Nur Astana Kurylys», алтауы - G-Park компаниясына тиесілі.

Бұл компаниялар жер телімдерін конкурссыз алады. Одан басқа, мүліктік, жер салығынан, кедендік баждарды төлеуден босатылған, - дейді Серік Жұманғарин.

Агенттік ірі құрылыс компанияларының нарықты белшеден басқанына тағы бір дәлел келтірген. Олар мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік жеке меншік әріптестігінде де өзгелерден биік тұрады. Мәселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда Үкімет айқындайтын тұлғалардан бір көзден сатып алу мүмкіндігі көзделген. Осы тәсілмен Түркістан қаласында 566 млрд теңгеге 149 нысанды салу қызметтерінің жеткізушілері конкурссыз айқындалған.

Мұнда да BI Group пен «Базис-А» жұмыстың 25%-ын немесе 140 млрд теңгесін алған. Қалған жұмыс белгісіз өлшемшарттар бойынша 250-ден астам құрылыс ұйымы арасында бөлінген.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев құрылыс нарығын монополиясыздандыру негізгі үш бағыт бойынша жүретінін айтты: үлестік құрылысқа қатысуды реттеу; жер беру және құрылыс салуды жоспарлау; мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру.

«Әзірленген іс-шараларды іске асыру үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарау, сондай-ақ Жер кодексіне және Мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізу қажет. Өзгерістер жер учаскелерін конкурстан тыс беруді болдырмауды, заңнаманы айналып өтуге жауаптылықты күшейту және үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуды анықтау арқылы үлестік құрылыстағы талаптарды жетілдіруді көздейтін болады», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Еске салайық, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс саласындағы монополист компанияларды сынады. 

Елімізде бірнеше құрылыс компаниясы ғана үстемдікке ие болып отыр. Коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс саласы да солардың қолында. Шын мәнінде олар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізуде. Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиясыздандыру және бәсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама