×

Премьер-министр инвестиция тартуға қатысты жоспарды орындамаған өңір басшыларын сынады

8 өңір нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмаған

 Динара Амантай 29.05.2023 | 09:27
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штаб отырысын өткізіп, онда негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) және тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тарту барысы қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биылғы қаңтар-сәуір айларында НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңге болды. Бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 18% артық. Тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіштері жоғары. Қаңтар-сәуір айларында жалпы республикалық нысаналы индикаторға қол жеткізілді. 20 өңірдің 12-сі жоспарларын орындады немесе асыра орындады. Олардың қатарында Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау және Ақмола облыстары бар. Орталық мемлекеттік органдар арасында Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері белгіленген көрсеткіштерді асыра орындады.

Премьер-министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені НКИ бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті.

Аутсайдерлер – Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары.

Ұлытау және Жамбыл облыстары өткен жылы да жоспарды орындамаған. Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген болатын. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша инвестицияларға жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің НКИ бойынша жұмыс қарқыны өте баяу екенін атап өтіп, IT саласындағы жобалар санын ұлғайту, сондай-ақ туризм саласына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін айтты.

Премьер-министр осы жылы Үкімет алдында НКИ деңгейін 18,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты өңірлер мен ведомстволар кемшіліктерді ескере отырып, негізгі капиталға инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтуі қажет. Сонымен қатар отырыста тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі былтырғы жұмыс қорытындылары қаралды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама