×

Президент БАӘ-ге алғыс айтты

Сауда-экономика, инвестиция мәселелері талқыға түсті

 Дәурен Ерболат 26.05.2023 | 17:55
Фото: Telegram/Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Даби Әмірлігі билеуші әулетінің өкілі, шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті, деп хабарлады Ақорда.

Президент кездесуде қос ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылаудың орайы келгенін атап өтті.

«Биыл Әмірліктерге жасаған сапарымды және ел басшылығымен өткізген кездесулерімді жылы сезіммен еске аламын. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел халқының игілігі үшін қызмет етеді.  

Араб Әмірліктері – біз үшін ислам әлеміндегі сенімді әрі басты стратегиялық серіктес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас ел. Мұны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Әмірліктердің еліміздің көркеюіне қосқан үлесін достық пен тығыз ынтымақтастықтың жарқын бейнесі деп қабылдаймыз. Араб Әмірліктерінің басшылығына алғысымды білдіремін және президент шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға ыстық ықыласқа толы сәлемімді жолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян құрмет көрсеткені үшін президентке алғыс айтып, Қазақстан мен БАӘ қарым-қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

«Сіздің қаңтарда БАӘ-ге жасаған ресми сапарыңыз достас екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан табысты болды. Еліңізбен арадағы қарым-қатынасымыздың тарихы тереңде.

Бүгінде халықаралық және аймақтық жағдайларға қарамастан, көптеген салада ынтымақтастығымыз нығайып келеді. Бірлескен инвестициялық жобаларымызды іске асыруға барынша қолайлы жағдай жасағаныңыз үшін сізге және Қазақстан Үкіметіне ризашалығымызды білдіреміз, – деді шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама