Сауда министрі Қазақстанға ауған кәсіпкерлерін шақырғысы келеді

Дәурен Ерболат

Қос ел арасындағы сауда айналымы – 1 млрд доллар

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бүгінде Ауғанстанмен сауда жандана бастады. Сондықтан ауған кәсіпкерлерімен танысып, нарықты зерттеу керек. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Біз Ауғанстанмен ынтымақтастық орнатып, сауда жасап жатырмыз. Ол жақсы жүріп жатыр – 1 млрд доллар. Оның көлемі Әзербайжан және Түркіменстаннан көп... (Қос ел арасындағы) сауда ынтымақтастығын арттырамыз. Бізде бидай, ұн, күнбағыс майының көлемін арттырудың нақты болашағы бар. Бұл мүмкіндіктен неге бас тартуымыз керек? Себебі бұл мемлекетімізге пайда әкеледі, - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан соң.

Министр бүгінде Ауғанстанда сауда үйі ашылғанын атап өтті.

«Онда өкілді тағайындадық. Ол барлық жұмысты үйлестіреді. Өйткені Ауғанстан – үлкен және әртүрлі. Жергілікті кәсіпкерлермен танысып, нарықты зерттеу керек», - деді премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин Қазақстанға ауған кәсіпкерлерін шақырғысы келетінін айтып қалды.

Мен осында ауған бизнесмендерін шақырып, бизнес-форум өткізгім келеді. Олар Қазақстанды және мұнда мүмкіндік барын көруге тиіс. Соңғы рет біз ол жаққа азық-түлік сатадындарды ғана емес, жер қойнауын пайдаланушыларды да апардық. Себебі Ауғанстан – пайдалы қазбаға өте бай ел. Олар қызығушылық танытты, - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін тәліптердің Қазақстанда жұмыс істейтіні айтылған еді