×

Қазақстан әлемдік нарыққа мұнайды Ресейді айналып өтіп тасымалдауға кіріспек

Ол үшін Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры нұсқасы таңдалып отыр

 Еркеғали Болатұлы 19.04.2023 | 17:06
фото: ашық дереккөз

Қазақстанның «Қазтеңізкөлікфлоты» Каспий теңізі арқылы тасымалдау жұмыстарын қолға алу үшін салмағы 8 мың тонна болатын екі мұнай танкерін сатып алмақ. Жоспар бойынша Әзербайжан арқылы Ресейді айналып өтетін мұнай көлемін ұлғайтатын кемелер де алынуы қажет.

«Коммерсанть» порталының хабарлауынша, Қазақстан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы әлемдік нарыққа мұнай жеткізудің баламалы жолдарын іздей бастаған. Өйткені былтыр жөндеу жұмыстары мен қадағалау органдарының шешімдеріне байланысты, Новороссийск порты арқылы тасымалдау бірнеше рет тоқтатылған болатын. Осылайша, жылдың қорытындысы бойынша шикізат айдау көлемі 52,2 млн тоннаны құрады.

Қазір компанияның иелігінде әрқайсысының дедвейті 12,4 мың тонна болатын Ақтау, Астана және Алматы танкерлері бар.

Енді Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) мұнай құбыры нұсқасы таңдалып, мұнай Каспий теңізі арқылы жеткізілуге тиіс. «ҚазМұнайГаз» Әзербайжан SOCAR компаниясымен 2023 жылға арналған келісімшарт аясында Теңіз кенішінен 1,5 миллион тонна мұнай жеткізуді көздеп отыр. Наурызда жөнелтілім 20 мың тонна болса, сәуірде 125 мың тоннаға дейін артпақ.

Аргус есептеулері бойынша, Ресейді айналып өтетін барлық ықтимал баламалы жолдарды ескере отырып, Қазақстан шетелге жылына 20-25 миллион тонна мұнай жеткізе алады. Бұл ретте мұнайды көп көлемде тасымалдауға құбырлар мен ауыстырып тиеу қуаттарының жетіспеушілігі, жылжымалы құрамның тапшылығы және шығындардың өсуі кедергі жасап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама