×

Жанар-жағармайдың арзандығы көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр – Әлихан Смайылов

Премьер-министр Қазақстандағы бензин мен дизель отыны бағасын қымбаттату туралы шешімге пікірін айтты

 Дәурен Ерболат 04.04.2023 | 10:28
Әлихан Смайылов, фото: Halyq Uni

12 сәуірден бастап Қазақстанда жанар-жағармай бағасы қымбаттайды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы 182-187-ден (өңірге байланысты) литріне 205 теңгеге дейін (11%). Дизель отыны 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін көтеріледі. Өсім - 20 пайыз.

Бүгін Үкімет отырысынан кейін премьер-министр Әлихан Смайылов Энергетика министрлігінің бұл шешіміне қатысты пікірін айтты.

«Энергетика министрлігі дизель отыны мен бензиннің бағасын көтеру туралы тиісті шешім жобасын жариялады. Бұл оңай шешім емес. Бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Қазір мұнай өнімдерінің бағаларын қайта қарамасақ, онда жақын арада біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз», - деді премьер.

Премьердің айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензинді тұтыну деңгейі өте жоғары.

«Қазір біз баға айырмашылығын төмендетпесек, дизель отыны бойынша биыл біз 850 мың тонна тапшылыққа ұрынамыз. Біздің арзан отынымыз өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін осы көрші елдердегі бағалармен айырмашылықты төмендетуіміз керек. Бұл жанармайды жаппай шығарылуын төмендетуге және ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама