×

«Ұлттық банк үндемей қалды»: сарапшылар қымбатшылық әлі жалғасатынын болжайды

Президенттің инфляцияны биыл екі есе төмендету тапсырмасы орындала ма

 Ербол Тұрымбет 03.04.2023 | 17:01
Коллаж: Halyq Uni

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 наурызда өткен парламент мәжілісінің пленарлық отырысында биыл инфляцияны екі есе төмендету керек екенін айтқан еді. Ұлттық статистика бюросының бүгін жариялаған ресми статистикасы бойынша наурызда инфляция деңгейі жылдық мәнде 18,1%-ды құраған, яғни жыл басындағы 20%-дан төмендеген. Ал сала-салаға бөліп қарасақ, бір айда арзандағаны тек қияр – 7,3%, қант – 2,1%, қарақұмық жармасы – 2%. Қалған азық-түлік емес тауарлар мен қызмет көрсету секторында бағаның арзандауы байқалмайды. Бір жылда қырыққабаттың бағасы ғана 51,1% төмендеген.

Экономист Мұрат Қастаевтың айтуынша, инфляцияны қазіргі жағдайда екі есе түсіру, мысалы, азық-түлік бойынша 12,5%-ға дейін бәсеңдету тым оптимистік жоспар сияқты көрінеді. Сондықтан екі есе қысқарту мүмкін емес деп санайды.

Өзіміздің компаниямыздағы зерттеулерге қарағанда, біздің болжамымыз сол шамамен 14%-дың маңайында деп есептеп отырмыз, – дейді экономист.  

Елде инфляциямен күрес дей айдарлаған Үкіметтің мардымсыз шараларынан бөлек, сарапшының ойынша, бізде бюджеттік шығындар тым көп. Мемлекет мүрлі жеңілдетілген несиелік бағдарлама арқылы экономикаға ақша құйып жатыр. Экономикада ақша көбейген сайын ол құнсыздана береді. Сондықтан Үкіметке керек емес шығындарды азайтып, инфляцияны тежеуге мүмкіндік жасау керек екенін айтады.

JUSAN ANALYTICS те мемлекет басшысының екі есе төмендету тапсырмасының орындалуына күмәнмен қарайды. Мұның алдында олар 2023 жылдың қорытындысын 15,1% деп шамалаған еді. Енді бірқатар фактордың ықпалынан тұтынушылық инфляциясының болжамын қайта қарады. Мысалы, сыртқы инфляциялық қысымның бәсеңдеуі, ақша айырбас бағамының тұрақтылығы және тұтынушылық белсенділікті шектейтін нарықтағы монетарлық шектеулерді ұзақ уақыт ұстап тұру өз әсерін берген. Оған қоса, инфляция болжамындағы қауіптің сейілуі де болжамды қайта қарауға итермелепті. Осыларды ескере келгенде, инфляция 13,4%-ға дейін бәсеңдейді деген сенім білдіреді.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, Американың Федералды резерві өткен жолы соңғы отырысында «біз шегіне жеттік, енді ақырындап түсіреміз» деген мәселе көтерген.

Енді тура соны біздің Ұлттық банк те пайдаланды. Қазіргі 16,75% – шыңы, осыны тұрамыз да ақырындап түсіре бастаймыз деп айтқан еді. Бірақ енді ҰБ үндемей қалды. Өйткені, Американың ФРЖ қайтадан өсіруіміз мүмкін деген мәлімдеме жасап жатыр. Әзірге ФРЖ 5%-ға дейін көтерді, ол бұрын-соңды болмаған жоғары мөлшерлеме. Сондықтан егер алдағы уақытта тағы өсіреміз десе, онда біздің ҰБ-тің де әрі қарай 17%-ға немесе одан да жоғары көтерудан басқа амалы қалмайды, – дейді сарапшы.

Әлбетте, оның кері әсері өте жоғары болады, іскерлік белсенділік төмендейді. Сонымен бірге, ЖІӨ өсімін де тежейді.

Тағы бір айта кетерліні, экономистің сөзінше, бізде инфляция қалай бәсеңдей бастаса, ҰБ те базалық пайызды түсіре бастайды. Бірақ, бізде қазір инфляцияның керісінше қайта қарқын алуына себеп көп. Өйткені, газдың бағасы да, электр тарифтері де, дизель болсын, жанар-жағармай болсын – бағасын өсіруге сұранып тұр. Оларды өсірсе, синергетикалық түрде бүкіл тауардың бағасы қымбаттайтыны бар. Осы тұрғыдан келгенде қымбатшылық алда әлі де созылады деген болжам жасайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама