×

Ұлттық банк наурызда теңге бағамын ұстап тұру үшін миллиард долларға жуық қаржы бөлді

Наурызда теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, бір доллар үшін 512,17 теңге болды

 Қымбат Елтайқызы 01.04.2022 | 10:30
коллаж: Halyq Uni

Ұлттық банк валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама жариялады.

Наурызда әлемнің қаржы нарықтары геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты тым құбылмалы болды. Сыртқы күтпеген өзгерістердің ел экономикасына ықпалының алдын алып, ішкі валюта нарығындағы теңгерімді ұстап тұру үшін наурыздың бірінші жартысында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырды. Айдың соңында олардың көлемі 990,5 млн долларды немесе биржалық сауда-саттықтағы жалпы көлемнің 29%-ын құрады, – дейді Ұлттық банк.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату наурыз айында 890,9 млн долларға шықты. Ұлттық банктің валюталық интервенциялары мен Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 55%-ын құрады. Ұлттық банк БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ.

«Геосаяси шиеленістің жоғары деңгейіне байланысты 2022 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша, теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, бір доллар үшін 512,17 теңге болды. Алайда осыдан кейін ұлттық валюта қозғалысының бағыты нығаю жағына қарай өзгерді. Осылайша, 31 наурызда KASE биржалық алаңындағы сауда-саттық қорытындылары бойынша, теңге бағамы наурыздың басынан бастап 5,7%-ға нығайып, бір доллар үшін 467,03 теңге деңгейінде қалыптасты. Халықаралық қаржы нарықтарындағы түзету, сондай-ақ салықтық төлемдер кезеңі аясында теңгенің нығаюы орын алды», – делінген ақпаратта.

Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады. Бұл ретте Ұлттық банк экономикадағы құрылымдық өзгерістер, мемлекеттің жеңілдікпен кредиттеуінің азаюы, сондай-ақ айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстану қажетті талабы болып саналатын инфляциялық таргеттеудің толыққанды режиміне көшу жұмысын жалғастырып жатыр. Ұлттық банк теріс сценарийлер іске асқан жағдайда ішкі қаржы нарығында тұрақсызданудың алдын алуға қажетті барлық құралға ие және жағдайды қадағалауды жалғастырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама