×

Досаев азық-түлік бағасының күрт төмендеуін күтудің қажеті жоқтығын ескертті

Қалаға көкөніс, жеміс-жидек, еттің 75%-ы «Алтын Орда» базары арқылы жеткізіледі

 Еркеғали Болатұлы 17.02.2023 | 12:20
фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бүгін Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде азық-түлік бағасын төмендету шаралары туралы айтты. Сонымен қатар ол Алматыда қант бағасы көтерілмейтінін уәде етті.

Әкімнің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру жұмысы 2022 жылдың күзінде басталған. Бұл мақсатқа әкімдік 15 млрд теңге бөліпті.

Көктемде алғашқы егін басталады. Әкім сол кезде жылдам өсетін позициялардың бағасы өз орнына келеді деп үміттеніп отыр. Алайда ол қалаға көкөніс, жеміс-жидек, еттің 75%-ы «Алтын Орда» базары арқылы жеткізілетінін баса айтты. Сондықтан ғажайып пен бағаның күрт төмендеуін күтудің қажеті жоқ.

Біз Ақсу қант зауытымен келісімге қол қойдық. Бұл жобаға 2,6 миллиард теңге бөлдім. Биыл қант бағасы шарықтамайды деп үміттенемін. Нан бағасы тұрақты болып тұр, біз оны субсидияладық. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген, - деді Ерболат Досаев.

Бұл ретте қазір Алматыда азық-түліктен басқа тауарлардың бағасы көтеріліп жатыр. Әкім мұны геосаяси жағдайға байланысты деп түсіндірді. Себебі көлік логистикасы бұзылған.

«Наурызбай ауданына келсек, көтерме сауданың дамуының өзі жоғары деңгейде емес және бір-бірімен бәсекеге түсетін дүкендер аз. Бірақ біз оны бақылауда ұстаймыз, күш саламыз. Ұсынысын айта келген кәсіпкерлерді қолдадық. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ненің өзгергенін, ненің өзгермегенін қараймыз», - деп түйіндеді сөзін Алматы қаласының әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама