×

Қызылорда облысы әкімдігіндегі жер халыққа тимей жатыр

Облыста 10 млн гектардан астам жер бос жатыр

 Бауыржан Мұқанов 15.02.2023 | 15:30
Коллаж: Halyq Uni

Қызылорда облысында 2022 жылы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе ҚР заңнамасын бұза отырып пайдаланған ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 157,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп жауап берді өңір әкімдігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына. 

Әкімдіктің мәліметінше, Қызылорда облысының жер қоры 24,1 млн га, құрайды, оның ішінде: 

  • егістік жер 188,4 мың га;
  • тыңайған жер 75,3 мың га;
  • жайылым 11,4 млн га;
  • шабындық 108,2 мың га.

Облыста мемлекеттік жер қорында 10,6 млн гектар бос жер резерві бар, оның ішінде: 

  • егістік жер 1,5 мың га;
  • тыңайған жер15,9 мың га;
  • жайылым 8 млн га;
  • шабындық 67,0 мың га.

«Облыстың шөлді-шөлейтті табиғи зонада орналасуына байланысты бос жерлерді игеруге су  ресурстарының тапшылығы кері әсер етуде. Шаруашылық жүргізуге қолайлы жерлер Сырдария өзенін бойлай орналасқан, осыған байланысты шаруашылықтардың негізгі бөлігі осы аумақтарда шоғырланып, резевтік аумақтың 70-80 пайызы орналасқан Қарақұм, Қызылқұм, Сарысу өңірлерінде су тапшылығына байланысты сұраныс төмен», – деп жауап берді әкімдік. 

Әкімдіктің мәліметінше, Жаңақорған ауданында босалқы жер қорының көлемі небәрі – 134,2 мың га құрайды, аталған ауданда барлық санаттар бойынша жер тапшылығы бар. Қалған аудандар бойынша резервтік жер аумақтары жеткілікті.

Негізінен алғанда, ауыл шаруашылығы алқаптарының ішінде егістік, шабындық алқаптарына сұраныс жоғары, алайда жоғарыда аталған су ресурстарының жетпеуіне байланысты бүгінгі таңда егістік және шабындық алқаптарының жетіспеушілігі мәселесі барлық ауданға ортақ проблемаға айналуда, – дейді әкімдік. 

2023 жылы аталған жұмыс жалғасуда, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті бекіткен жоспарға сәйкес ағымдағы жылы облыста 200 мың гектар жерді қайтару межеленді.

Естеріңізге сала кетеййік, бұған дейін батыс Қазақстандағы төрт облыс, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жер тапшылығы туралы жазған едік. 

Halyq Uni алдағы уақытта әр өңірдегі ауыл шаруашылық жерлер туралы мақалалар сериясын жалғастырады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама