×

ШҚО-да 120 мың гектар жер бос жатыр. Ал шаруаларға жер жетіспейді

Өңірдегі жайылым жердің жалпы көлемі 2,3 млн гектар

 Бауыржан Мұқанов 07.02.2023 | 16:06
Фото: egemen.kz

2023 жылы пайдаланылмай жатқан 120 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімдігі Halyq Uni агенттігіне берген жауабында мәлімдеді.  

«2022 жылы жайылымдарға жалпы тапшылық жаңа шекарада 62,6 мың га құрады. Жүргізілген жұмыс барысында мал жаю үшін жайылымдарға қажеттілік 51,6 мың гектарға қысқарды, оның ішінде 30,6 мың га алаңда пайдаланылмайтын жерлер бойынша мемлекеттік бақылау жүргізілді, ерікті түрде мемлекеттік меншікке 15,2 мың га қайтарылды, 0,2 мың га өнімділігі төмен егістіктен жайылымдарға ауыстырылды, 0,7 мың га орман алқаптарында берілді, 4,9 мың га жайылым елді мекендер шегіне қосымша енгізілді», – деп жауап берді облыс әкімдігі редакция сауалына. 

Сонымен қатар, халықты жайылымдармен қамтамасыз ету мәселесін одан әрі шешу үшін 11 мың га алқапта елді мекендердің шекараларын белгілеу бойынша жұмыстар көзделген.

Әкімдіктің хабарлауынша, 2022 жылы облыс бойынша жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік меншікке ерікті түрде 100,6 мың га қайтарып берген.

Жыл басындағы мәлімет бойынша, қазір ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ауданы 3 млн гектарға жуық. Оның ішінде егістік – 673,3 мың га, шабындық – 264,2 мың га, жайылым – 2,3 млн га.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысының шаруаларына да жер жетіспей жатқанын жазған едік. 

Halyq Uni алдағы уақытта әр өңірдегі ауыл шаруашылық жерлер туралы мақалалар сериясын жалғастырады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама