×

Соңғы зерттеу 40 жыл бұрын жасалған: Атырауда шаруаларға жер жетіспей жатыр

Өңірдегі жердің 60%-ға жуығы ауыл шаруашылығына жарамайды

 Бауыржан Мұқанов 07.02.2023 | 11:54
Коллаж: Halyq Uni

2022 жылы республика бойынша пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 5,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды, 2023 жылы тағы 5 млн гектар қайтарылмақ. Бұл туралы қаңтарда ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Осы орайда, Halyq Uni қай өңірде жер тапшы, қай өңірде артық екенін зерттеп көрді. 

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, облыстың жер қоры 11,9 млн гектарға жуық. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қоры – 3,2 мың гектар. 

Облыстық картадан шартты түрде анықталған мәліметке сәйкес, өңірдегі жердің: 

  • 1,6 млн гектары сор;
  • 782,7 мың гектарын су басқан; 
  • 166,4 мың гектары құм; 
  • 2 573,5 млн гектары қырат.

Облыстың жер қорының 58,7%-ы (5,2 млн гектарға жуық) ауыл шаруашылық мақсатына пайдалануға қолайсыз.

Атырау облысының жері егін шаруашылығы және шабындық өнімін алуға қолайсыз, жердің басым бөлігі шөлейт, жартылай шөлейт болғандықтан жер балансы ақпаратына сәйкес жайылым жер болып тіркелген, – деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Бір қызығы, жайылым жердің құнарлы немесе құнарсыздығын анықтайтын соңғы геоботаникалық зерттеу жұмыстары 1984-1992 жыл аралығында жүргізіліп, әлі күнге дейін базада бұрынғы кеңшар аттарымен тұр. Сол себепті қазір бұл мәліметтерді пайдалану да мүмкін емес көрінеді.

Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі өңірде ауыл шаруашылығына сұраныс жоғары. Судың тапшылығы егін мен шабындық жерлердің көркеюіне кедергі келтіріп отыр.

Мемлекетке қайтарылған жерлерге тоқталар болсақ, 2022 жылдың  қорытындысы бойынша облыс көлемінде 206 209,90 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы 185 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде: 190 698,90 га – жайылым, 140 га – шабындық, қалған 15 371га – өзге мақсаттағы жер.

2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген 210 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы қала және аудандар бөлінісіндегі жоспар бекітілді.

2022 жылдың жер балансы есебіне сәйкес Атырау облысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 3220,7 мың га. Оның 3030,7 мың гектары жайылымдық жер (қалған 124,9 мың га өзге мақсаттағы жер. Оның ішінде алқап түрлері: егістік – 7,0 мың га, көп жылдық екпе - 0,3 мың га, тыңайтылған – 7,3 мың га, шабындық - 50,5 мың га).

Halyq Uni алдағы уақытта әр өңірдегі ауыл шаруашылық жерлер туралы мақалалар сериясын жалғастырады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама