×

Жетісай мен Мақтааралда мүлде жайылым жоқ: Әкімдік мәжбүрлеп қайтармақшы

Өңірде 2,6 млн гектар бос жатыр

 Бауыржан Мұқанов 08.02.2023 | 15:54
Коллаж: Halyq Uni

Түркістан облысында халықтың қолында малға жайылым жер жетпей жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. 

Өңір әкімдігінің хабарлауынша, облыстағы жалпы жер қоры 11,6 млн гектар. Оның ішінде: 

  • ауыл шаруашылық жерлер 4,5 млн га; 
  • орман қорының жерлері 3 млн га;
  • елді мекендер аумағы 799,7 мың га;
  • ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер 430,4 мың га;
  • өнеркәсіп, көлік, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер 125,1 мың га;
  • су қорының жерлері 134,5 мың га;
  • бос жерлер 2,6 млн га.

Ауыл шаруашылық жерлерінің ішінде: 

  • жайылым 3,3 млн га;
  • егістік 875,3 мың га;
  • тыңайған жер 96,1 мың га;
  • шабындық 68,5 мың га;
  • көпжылдық екпелер 27,8 мың га;
  • өзге жерлер 117,2 мың га;

2021 жылы аудан, қалаларға қарасты 174 ауылдық округтердегі 841 елді мекендер бойынша талдау жасалынып, жайылым тапшылығы 3,9 млн гектарды құрады, – деп мәлімдеді облыс әкімдігі.

«Облыс бойынша ортақ жайылымның көлемі 748,0 мың гектарды құрап, 70 ауылдық округ (247 елді мекен) қамтамасыз етіліп, 2022 жылдың  1 қаңтарына жайылым тапшылығы 3,1 млн га құрады. Тапшылықтың 35,4%-дан астамы (1,1 млн га) жайылымдық алқаптары жоқ 3 ауданға тиесілі», – делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Жетісай (тапшылық 383,6 мың га) және Мақтаарал (тапшылық 251,0 мың га) аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің 95%-ын суармалы жерлер құрайды, ал осы аудандардағы  жайылымдардың жалпы ауданы бар болғаны 2,2 мың га ғана.

Ал Сайрам ауданының жайылым тапшылығы 471,1 мың га болса, ауданның жалпы жайылым көлемі 31,7 мың гектарды ғана құрайды.

«2022 жылға елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың га ұлғайту жоспарланып, қосымша 42 ауылдық округтерді (164 елді мекен) ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген. Жылдың соңында елді мекен тұрғындары 1034,8 мың га (жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен 412,2 мың га; ірі жер пайдаланушылар мен (орман қорын қоса алғанда) меморандум арқылы 622,6 мың га) ортақ жайылыммен қамтамасыз етіліп, жоспар 102,3 пайызға орындалды», – дейді әкімдік.

Әкімдіктің мәліметінше, 2023 жылға жалпы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрап отыр. Осыған байланысты, 2023 жылға ортақ жайылым көлемін ұлғайту жоспарының жобасы әзірленіп, аудан, қала әкімдіктерімен нақтылануда.

Ведомствоаралық кіші топ тарапынан 2022 жылдың қорытындысы бойынша 521,7 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. 2023 жылға облыс бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 330,0 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – делінген ресми жауапта.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау мен Шығыс Қазақстан облыстарында шаруаларына да жер жетіспей жатқанын жазған едік. 

Halyq Uni алдағы уақытта әр өңірдегі ауыл шаруашылық жерлер туралы мақалалар сериясын жалғастырады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама