×

«Өртті бензинмен сөндіргендей». Қоңыров қымбатшылыққа қарсы тұра алмаған Үкіметті сынады

Депутат базар аралап, басшыларды жауапқа тарту «әдісі» шарықтаған баға мәселесін шешпейтінін айтты

 Дәурен Ерболат 18.01.2023 | 15:42
Айқын Қоңыров, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров қымбатшылыққа қарсы тұра алмаған Үкіметті сынады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың пікірінше, өткен жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық сәтсіздігі – инфляцияны тежей алмау.

«Қазір де оның қарқыны жоғары. Былтыр инфляция 20,3% болды. Ол жоспардағыдан әлдеқайда артық. Тауар бағасының нақты өсуі айтарлықтай жоғары болып тұр. Былтыр азық-түлік 25,3% қымбаттады. Халық табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды. Ашығын айтқанда, 90-жылдардың ортасындағы деңгейге оралып жатырмыз. Инфляция шығынын табысы бекітілген азаматтар мойнына алып отыр», - деді Айқын Қоңыров премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат елдегі қымбатшылыққа бірқатар сыртқы фактор да әсер еткенін жеткізді.

Ең алдымен жаһандық инфляцияның өсуін атап өту керек. Биыл ол бұрын-соңды болмаған 7,4%-ға жетеді деген болжам бар. Алайда оның қарқыны Қазақстанға қарағанда 2,5 есе төмен. Бұл инфляцияның жоғары болуына ішкі факторлар шешуші рөл атқаратынын көрсетеді. Алайда қабылданып жатқан шаралар ешқандай нәтиже бермеді. Баға экспорттық түсім мен сыртқы конъюнктураның жақсаруына қарамастан өсіп жатыр, - деді депутат.

Айқын Қоңыров ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бастамасы да үмітті ақтамағанын айтты.

«Бағаның өсуін тежейді деген бұл бастаманың өзі инфляция құрбанына айналды. Көтерме-тарату орталықтарын салуға кеткен шығынды қайтару мүмкін болмады. Сондай-ақ (инфляцияға – авт.) негізгі себеп материалдардың қымбаттауы емес, ол (экономиканы дамытуда – авт.) басымдықты өндіріске емес, бөлуге беру сияқты бұрыс тәсілмен байланысты. Елімізде өндірілетін тауар тапшылығы кезінде бөлу саласын қаржыландыру инфляцияны одан әрі жеделдетеді. Басқаша айтқанда, бұл өртті бензинмен сөндіргенмен бірдей», - деді Айқын Қоңыров.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы инфляциялық таргеттеу саясаты да ескірген. Ол қазіргі талапқа сәйкес келмейді. Үкімет қымбатшылыққа қарсы күресте жаңа тәсілдер қолдануға көшуі керек.

«Қазақстан инфляцияны басқару тәсілін түбегейлі өзгертуі керек. Оның салдарымен емес, себебімен күрескен жөн. Тар шеңберден шығатын кез келді. Сонымен қатар инфляцияға қарсы күресті базарда рейд жүргізіп, жекелеген басшыларды жазалап, өндірістегі бағаны жасанды түрде ұстап тұруды тоқтату керек. Инфляция базарда қалыптаспайды. Ол экономикалық саясат түзу кезінде пайда болады», - деді депутат.

Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясы халыққа және экономикаға инфляциялық қысымды төмендетудің бірнеше жолын ұсынды:

  • Еңбек өнімділігін арттыру. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешенінде;
  • Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы өнімсіз шығыстарды қысқарту;
  • Өндірістік шығындарды төмендету, яғни тозған энергия инфрақұрылымын жаңғырту есебінен;
  • Жинақ пен ішкі инвестицияны ынталандыру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама