×

Еңбек нарығында бәсеке күшейді: 2022 жылы жұмыс табу қаншалықты қиындады

Бір рет шақырту алу үшін бес рет бас тартуға көнуіңіз керек

 Бауыржан Мұқанов 09.01.2023 | 17:23
Коллаж: Halyq Uni

ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР

2022 жылы жұмыс берушілер hh.kz сайтында 400 мыңнан астам бос жұмыс орындарын жариялады. Көрсеткіш былтырғыдан 23% көп, деп хабарлайды HeadHunter ресурсы. Ал 2021 жылы көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейген еді.

Соның ішінде қыркүйек айында жұмыс берушілер белсенділігі жоғарылап, шамамен 42 мың вакансия ашылған. Ал ең аз көрсеткіш қаңтар айында болды – 27 мың шамасында.

ВАКАНСИЯЛАР ГЕОГРАФИЯСЫ

Қалалар арасында ең көп бос жұмыс орындары Алматыда (республиканың 41%-ы) және Астанада (20%-ы).

Бұл көрсеткіштен Қазақстандағы еңбек нарығының Алматы мен Астанаға ғана шоғырланып жатқанын көруге болады. Бұл өз кезегінде ішкі миграцияға әсер етеді. hh.kz сайтынан жұмыс іздеушілердің 40%-дан астамы Алматыдан, 20%-ы Астанадан іздейді. Алайда кей өңірлерде де бос жұмыс орындарының көбейіп келе жатқанын көруге болады:

  1. Петропавл (+32%)
  2. Семей (+31%)
  3. Ақтөбе (+28%)
  4. Павлодар (+26%)
  5. Ақтау (+25%)

ЖАЛАҚЫ

Әлемдік экономикалық дағдарыс пен инфляцияға қарамастан жұмыс берушілер жалақыны көбейтіп жатыр. Оның себебі жоғары білікті мамандардың тапшылығынан туындаған жұмыс берушілер арасындағы маманға деген талас.

Биыл сайтта орналастырылған бос жұмыс орындарының орташа жалақысы 246 890 теңгені құрады, 16,4% өскен. Медианды жалақы 12% көбейіп 204 578 теңге болды.

Ең көп жалақыны (1 млн теңге) ақпараттық технология мамандарына, ал ең аз жалақы (60 мың теңге) шаруашалық көмекшілері, бағбан мен үй қызметкерлеріне ұсынылады.

Медианды жалақы ең көп өңір Астана (шамамен 222 мың теңге), Алматы (шамамен 202 мың теңге), Қарағанды (шамамен 194 мың теңге) және Атырау (шамамен 190 мың теңге).

ЖҰМЫС ІЗДЕУШІЛЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ

2022 жылы Қазақстанда шамамен 2 млн адам hh.kz арқылы жұмыс іздеді. Бұл өткен жылғыдан 70% көп. Ең көп түйіндеме Алматы, Астана, Шымкент қалаларында байқалды.

Түйіндемелерде ең көп ізделген мамандықтар:

  1. Сату менеджері, клиенттермен жұмыс істейтін менеджер
  2. Сатушы- консультант, сатушы-кассир
  3. Әкімші
  4. Есепші
  5. Оқытушы, мұғалім, педагог
  6. Жүргізуші
  7. Даяшы, бармен, бариста
  8. Бағдарламашы, әзірлеуші
  9. Сall-орталық операторы, байланыс орталығы маманы
  10.  Хатшы, жетекші көмекшісі, ассистент

ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА БӘСЕКЕ КҮШЕЙДІ

Түйіндеме мен бос жұмыс орындарының арақатынасы бойынша – hh.index – еңбек нарығындағы бәсекелестік деңгейін бағалауға болады. 2022 жылы hh.index айтарлықтай өсіп (1,2 коэффициентке) 4-ті құрады. Бұл бір бос орынға төрт адам өтініш бергенін көрсетеді. Еңбек нарығындағы норма бір жұмыс ұсынысына бес-алты белсенді түйіндеме. Бұл көрсеткіш өсіп келе жатқанымен, өтініш берушілер әлі де аз екенін көрсетеді. Бұл еңбек нарығындағы тағы бір проблеманы – кадрлардың және үміткерлер үшін қажетті біліктіліктің жоқтығын білдіреді.

Өтініш берушілердің жауаптары және әңгімелесуге шақыру

Орта есеппен 2022 жылы жұмыс іздеушілер жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына шамамен 38 миллион рет жауап берді. Жұмыс берушілер өз кезегінде үміткерлерге әңгімелесуге 6 миллионға жуық шақыру жіберген. Нәтижесінде бір шақыру алу үшін өтініш беруші бес рет бас тартуға шыдауы керек.

ҚАЙ САЛАДА СҰРАНЫС КӨП?

Жетекші кәсіптік бағыттардың жоғарғы жағындағы бірінші орында «Сату» саласы. Келесі кезекте «Бухгалтерлік есеп, басқарушылық есеп, кәсіпорын қаржысы», «Әкімшілік персонал», «Көлік, логистика». «Ақпараттық технологиялар, интернет, телеком» кәсіптік бағыты бесінші орынға ие болды.

Кәсіби салаларда бос орындардың көбірек өсуі байқалады:

  1. Спорт клубтары, сұлулық салондары (+176%)
  2. Сату (+88%)
  3. Үй персоналы (+87%)
  4. Орнату және қызмет көрсету (+84%)
  5. Топ-менеджмент (+82%)
  6. Көлік, логистика (+64%)
  7. Жұмысшы персонал (+60%)

Үшінші тоқсандағы теріс динамика:

  • Автокөлік бизнесі (-57%)
  • Сақтандыру (-52%)
  • Шикізат өндіру (-31%)
  • Банк, инвестиция, лизинг (-29%)

Серіктес жаңалықтары

Сараптама