×

«Қосымша өкілеттіліктер беріледі». Агломерацияларды дамыту туралы заң жобасы қабылданды

Құжат қаланың шет аймақтарын да дамытуды көздейді

 Дәурен Ерболат 22.12.2022 | 13:58
Фото: Tengrinews.kz

Сенатта Агломерацияларды дамыту туралы және оған ілеспе заң жобалары қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантынов бүгінде Қазақстандағы қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда теңсіздіктер барын атап өтті. Негізгі мәселе ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі болып саналады.

Соңғы 10 жыл ішінде Астананың халқы 59%-ға, Алматыда 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті. Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблеманы тудырып отыр. Олардың ішінде инфрақұрылымның барлық түріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында байламсыз құрылыстың салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты проблемалар бар, –  деді министр.

Оның айтуынша, елімізде агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық база жоқ. Сондықтан қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан реттеу керек.

Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолданып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі, –  деді Әлібек Қуантыров.

Негізгі заң жобасына «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Ал агломерация құрамын уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігі қалыптастырады.

Агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері:

  • Орталық қаланың әкімшілік мәртебесі;
  • Демографиялық сыйымдылық;
  • Логистикалық әлеует;
  • Экономикалық әлеует.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент қалалары және тағы басқа облыс орталықтары да айқындалады, - деді ведосмтво басшысы.

Заңға сәйкес аймақтық деңгейде де жергілікті агломерация кеңестері құрылады.

Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатын Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады.

Өңірлердегі әкімдіктерге 25 қосымша өкілеттік беріледі:

  • Агломерация аумағында жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге қатысу;
  • Тиісті келісімді дайындау және оған қол қою;
  • Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне қатысу;
  • Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары:

  • Қала маңы аймағын дамытудың бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді;
  • Бас жоспарының жобасын әзірлеуді ұйымдастырады;
  • Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді.

Жалпы ілеспе заң жобасында Бюджет және Жер кодекстеріне, сондай-ақ қолданыстағы 5 заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заң жобаларын қабылдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама