×

Шенеуніктер мен мердігерлер жол жөндеуге бөлінген 43,4 млрд теңгені ұрлаған - Бас прокуратура

Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың барлық фактісі бойынша 23 қылмыстық іс қозғалды

 Еркеғали Болатұлы 21.12.2022 | 17:53
фото: Нұрдәулет Әбікеев

Бас прокуратура «Қазавтожол» ұлттық компаниясында, автомобиль жолдары комитетінде және жергілікті әкімдіктерде жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады.

Жол құрылысы барысында 43,4 млрд теңге ұрланып, «ҚазГерСтрой» ЖШС-нің қалтасына түсті. Сонымен қатар, 8 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бағытталған қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері болды. Бұл 600 миллион теңгені құрайды, - делінген хабарламада.

Бұл ретте орта және ағымдағы жөндеудің 5 нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы жасау кезінде шенеуніктер баға мөлшерін 2 млрд теңгеден артық көтерген. Ал мердігер ұйымдар бюджет ақшасын ұрлау үшін құрылыс материалдары бойынша 70 жалған сертификатты пайдаланған. Сондай-ақ стандарттарға сәйкес келмейтін материалдарды пайдаланудың 10 жағдайы тіркеліп отыр.

Тексеру барысында шенеуніктер мердігерлердің 636 миллион теңге орындалмаған шарттық міндеттемелер мен тұрақсыздық айыбына, 6,8 миллиард теңге өтелмеген дебиторлық берешегіне көз жұма қараған.

Бұдан бөлек, Бас прокуратура ақы алу жүйесін енгізу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру ісіне де күмәнмен қарап отыр.

Бұл іс жеткізуші – «Computer vision Technologies» ЖШС қызметтері бағасының 3 есе артып, 138,8 миллиард теңгеге жеткенімен байланысты болып отыр. Қазір қаражатты иемдену мен ысырап етудің, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың барлық фактісі бойынша (осының барлығынан келген залал 45 миллиард теңгеден асады) 23 қылмыстық іс қозғалды. Бұдан әрі тергеу ісімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Қаржылық мониторинг агенттігі айналысады, - деп атап өтті прокуратура.

Сонымен қатар, прокурорлар 24 миллиард теңге болатын бюджет шығындарының алдын алып, 17,3 миллиард теңге алынатын заңсыз тендерлердің қорытындыларын жойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама