×

«Электр тапшылығына майнерлерді кінәлі қыла салды». Сапар Ахметовпен сұхбат

Сарапшы энергетика саласында стратегия жоқтығын айтты

 Ербол Тұрымбет 20.12.2022 | 17:00
Фото: Halyq Uni

Екібастұздағы жылу құбырындағы апат еліміздегі жалпы ЖЭО-дағы және коммуналдық желілердегі уақыты жеткен мәселелерді әшкереледі. Бүкіл ЖЭО-ның орташа тозу көрсеткіші 66%-ға жеткен. Бұл еліміздегі майнинг фермаларына да қиын тиді. ЖЭО-ның тозуынан электр энергиясының жетіспеуі майнинг фермаларының жабылуына әкеп соқты. Қазақстандық криптоиндустрия бұл тығырықтан қалай шығу керек? Біз бұл жөнінде Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметовпен сұхбат құрдық.

– Сапар Қайратұлы, электр энергиясы тапшылығына майнинг фермалардың қатысы бар ма?

– Біз қазір Кеңес үкіметіндегі, 1960-70-80 жылдардағы салынған ЖЭО-ларының күшімен отырмыз. Бірақ бәрінің мерзімі өтті. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейін біз энергетика саласының дамуына дұрыс қарамадық. Энергетика саласын дамыту бойынша мемлекеттік деңгейде ешқандай стратегия қабылдамадық. Ол біздің үлкен кемшілігіміз. Өйткені біз қандай саланы дамытамыз десек те алдымен энергия керек. Ал біз оған мән бермей, ескі өндіріс орындарының қауқарымен осы күнге дейін келдік.

Мәселе бүгін туған жоқ. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан жағдай. Естеріңізде болса, 2000 жылдар басталмай тұрып, Көкшетау қатып қалды. Бұл белгі еді, бірақ ешкім елеген жоқ. Көкшетауда әлі күнге жылу орталығы жоқ, халық «аристонмен» отыр. Біз соған көңіл аудармадық, мұнайдың қызуымен кетіп қалдық. Экономикалық моделіміз шикізат болып кетті.

2021 жылы бізде 1-2 мың МВт профицит болып тұрды. Сол 2030 жылға дейін жетеді деп Энергетика министрлігі сендірген еді. Бірақ мемлекетте жыл сайын жаңадан 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, өндіріс орындары, сауда орталықтары іске қосылып жатқаны ескерілмеді.

Кеңес үкіметі кезінде әрбір үйге газгольдер орнататын. Тамақты газбен дайындайтын. Қазір барлық үйге электрлі плита қойдырып жатыр. Ол плиталар электрді көп талап етеді. Құрылысты дамытқанымызбен, соны ескермедік.

– Мемлекеттің осы мәселені шешу шараларына көңіліңіз тола ма?

– Қазір мемлекет басшысы сол стратегияны Энергетика министрлігіне тапсырды. Бірақ министрлік оны жасай алмайды. Өйткені өздеріне ауыр жүк алмайды. Сондықтан стратегияны министрлікке тапсырып қажет емес. Ол мекемеаралық стратегия болу керек. Оған елдегі және халықаралық мықты сарапшыларды шақырып, кем дегенде президент әкімшілігі не Үкіметтің өзі қарау керек. Әйтпесе ол стратегия емес, министрліктің жоспары болып қалады.

Екіншіден, энергетиканың өзі түрлі салаға бөлінеді. Соның ішіне біз жылу энергетикасын ұмыт қалдырдық, ол бойынша бөлек заң қабылдау керек. Жылуды шығару үшін қандай қондырғылар керек, қандай стандарттар, технологиялар керек? Оның орнына біз әлі сол Кеңес үкіметінің стандарттарымен жүрміз. Қазір ЖЭО-лардың 66%-ы тозды десек, соны немен алмастыру керек? Оны ресейлік қондырғылармен алмастыру керек пе, әлде SIEMENS секілді басқа да заманауи технологияларды кіргізуіміз керек пе? Олай десек, стандарттарымызды өзгерту керек. Осының бәрі стратегияда қарастырылу керек.

– Халыққа электр не жылу жеткізуші біраз компания «Самұрық-Энергоға» 20 милиард теңге қарыз екен. Себеп осында емес пе?

– Ол бір. Қазір ЖЭО-ларды салу, оның реконструкциясы – бәрі «Самұрық-Энергода». Электр энергиясын тарату мен бөлу де KEGOC-та. Ал «Самұрық Қазына» Үкіметке бағынбайды. Қанша жерден Энергетика министрлігі болып жазылғанымен, тетіктің бәрі «Самұрықтың» қолында. Сондықтан «Самұрық-Энерго» мен KEGOC-ты министрлікке беріп, содан кейін ғана министрден сұрау керек. Оның қолында нарықты реттейтін құрал болмаса, ешкімге тапсырма бере алмайды.

– Нарық қатысушысы ретінде министрлікпен қандай келісімге келе алдыңыздар?

– Қиындық тек криптовалюта, майнинг саласында ғана емес, бәрінде бар. Кейбір тұрғын үйлерге жылу жетпей жатыр. Көп салада тұралау бар. Өйткені энергия жоқ. Электр орталықтарын ұстап отырған жекеменшіктер қазір инвестиция салмайды. Өйткені бизнес пайда табу керек. Егер миллиардтап салған ақшасын қайтара алмаса, оны бизнес деп санауға болмайды. Инвестиция тарифті көтергенде ғана қайтады. Тарифті көтеру халыққа ауыр тиеді. Бәрі келіп экономикаға тіреліп тұр.

– Біз проблема мен оны шешу жолдарын айтып жатырмыз. Бизнес ретінде сіздерге қаншалық зардабы тиіп жатыр?

– Алдында айттық, 2021 жылы бізде 1000-2000 МВт профицит болды. Ал қазір неге біз проблеманың бәрін майнингке жаптық? Егер мен энергетика саласының маманы болсам, мен де солай жасар едім. Өйткені стратегиялық жоспардың, сараптаманың болмағандығының кесірінен қазіргідей жағдайға душар болдық. Ал енді осыған кінәлі тарапты табу керек қой. Сөйтіп майнингті келдік те кінәлі деп таптық. Соның кесірінен майнингпен айналысатын компанияның бәрі тоқтап тұр. Бірақ профицит сол күйі жоқ. Мен білетін майнингтік компаниялардың жартысы кетіп қалды. Жартысы жұмысын тежеп қойды. Арасында тек кейбірі ғана Ресейден үлкен тарифпен тікелей алып отыр. Бірқатары күндіз тоқтатып, түнгі тарифпен жұмыс істейді. Олар да Ресейдің энергиясын қолданады. Бірақ жалпы майнинг тұралады. Сонда да қазіргі дефицитке майнинг кінәлі ме? Жоқ! Бұл алдын ала стратегиялық жоспардың болмауынан!

– Қытайдан көп майнинг фермалар ауысып келеді, «бум» болады деп едік. Сол орындалды ма?

– Бізде майнинг қарқынды дамыды. Бірақ майнинг келсін, келмесін, электр дефициті бәрібір болар еді. Олар келмегеннің өзінде биыл емес, олқылық 2023 жылы шығар еді. Бұл өзі шегіне жетіп тұрған мәселе. Майнинг тек сол кемшіліктің тезірек жарыққа шығуына түрткі болды. Көп елдің экономикасында рецессия болып жатыр. Криптоиндустрия да экономиканың бір саласы. Бұған да кесірі тиіп жатыр. Онда қазіргі курсқа байланысты үлкен пайда жоқ. Әзірге өз өзін ұстап қалу мәселесімен ғана отыр.

– Нарық сұр майнерлерден арыла алды ма?

– Қазір заң бойынша бәрі лицензия алу керек. Сондықтан электр энергиясы халыққа жетпей жатқанда, оған көзді жұмып, сұр майнерлерге рұқсат береді деп айта алмаймын. Қазір нарық сұр майнерлерден тазарды. Бірді-екілі болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама