×

БҚО-да жол жөндеуге бөлінген 3,2 млрд теңге игерілмей қалған

Енді ол жолдарды келесі жылы жөндеуге тағы 21,9 млрд теңге қарастырылып отыр

 Еркеғали Болатұлы 18.12.2022 | 09:30
фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында жол құрылысына бөлінген 3,2 млрд теңге игерілмей қалған. Облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиевтің айтуынша, енді ол қаржыны республикалық бюджетке қайтаруға тура келіп отыр.

Бұл ретте Барбастау-Ақжайық-Индербор, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты және Жаңақала-Сайқын бағытындағы жолдарда ауқымды жұмыстар битумның тапшылығы және теміржол вагондарының жетіспеушілігі және Ақтөбе облысынан қиыршық тастың жеткізілмеуі салдарынан атқарылмай қалған.

Мысалы, БҚО-да вагондармен қамту деңгейі төмен. Оның үстіне теміржол Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек және Тасқала аудандары арқылы ғана өтеді. Қалған аудандарға құрылыс материалдарын автокөліктермен тасуға тура келеді. Қазір осы мәселені шешу үшін Жол картасын жүзеге асыру ойластырылып жатыр. Осы бағытта тиісті мекемелермен, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келіссөздер жүргізілмек.

Темірхан Меңдіғалиевтің айтуынша, «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл 61 жобаны жүзеге асыру үшін 27 млрд теңге бөлініп, 350 шақырымнан аса жергілікті жолдарды жөндеу жоспарланған.

Осы жобалардың 27-сі бойынша көзделген межеге қол жеткізілді. 11 жоба бойынша нысандар пайдалануға берілді. Ал 5 жоба мердігерлердің анықталмауына, сотта қаралуына байланысты іске асырылған жоқ. Сондай-ақ битум тапшылығы, теміржол вагондарымен инертті материалдардың жеткізілмеуі және дизель отынының жетіспеушілігі мен қымбаттауына байланысты 17 жоба бойынша жұмыстар мерзімінен бұрын тоқтап қалды. 11 айдың қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың 246 шақырымы жөнделіп, олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 46 пайызға ғана жетті. Қазір алдағы жылға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді әкімнің орынбасары.

Сонымен, жергілікті жолдарды келесі жылы жөндеуге 21,9 млрд теңге қарастырылып, 71 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде 27 жаңа жобаның 18-і бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ұйымдар анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама