×

Ұлттық энергетикалық қауіпсіздігіміз өте төмен деңгейде – сарапшы

Электр өндіру қуаты 60% тозған

 Айнұр Шошаева 13.12.2022 | 18:54
Фото: Halyq Uni

Қазақстандағы электр энергиясын өндіруші нысандардағы апаттық тоқтатулар (істен шығу) саны 22% артқан. Бүгінде еліміздегі өндіруші қуаттардың тозуы шамамен 60% құрайды, деп хабарлайды Halyq Uni

ҚР Энергетика министрлігі, Qazaq Green ЖЭК қауымдастығы, Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы өкілдігі мен отандық және шетелдік инвесторлар еліміздегі ЖЭК дамыту мен оның келешегі туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Электр энергетикасы саласында күзгі-қысқы кезеңнің басталуы өндіруші нысандарда жұмыс істейтін энергетиктер мен диспетчерлерге әрдайым қиындық туғызады. Салаға жауапты министрлік оны ескірген отандық энергия көздері жабдықтарының апаттық істен шығу жағдайларымен байланыстырырады. «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапеновтің пікірінше, мұның себебі энергетикалық нысандарды жаңғыртудың төмен қарқынымен байланысты.

«Нысандардың ескіруі мен жаңғыртудың төмен қарқыны ағымдағы энергетикалық дағдарысқа әкеп соққан жүйелік проблема. Мысалы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда апаттық тоқтатулар саны 22%, ал олардың ұзақтығы 16% артты. Бүгінгі таңда өндіруші қуаттардың тозуы шамамен 60% құрайды. Осыған байланысты, алдағы күз бен қыста елдің электр энергетикалық жүйесінің беріктігін тағы бір рет сыналды», – деді ол. 

Оның айтуынша, бүгінде тұралау тек дәстүрлі энергетикада ғана емес, жаңартылған энергия көздері секторында да байқалады. Мәселен, биыл жазда Энергетика министрлігі жылу және электроэнергетика мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеген. Онда теңгерімдеуші нарықты енгізу қарастырылып отыр. 

Жіберілген оң және теріс теңгерімсіздіктер үшін жаңартылатын энергия көздері объектілеріне жауапкершіліктің қаржылық әдістерін қолдану көзделеді. Яғни, кестеге сәйкес келмейтін компаниялар жазаланады. Біздің қауымдастық бұл әдісті қолдайды, өйткені дәлірек болжам жасап, өндіру үшін компаниялардың жауапкершілігі болуы керек, – деп қосты ол. 

Сондай-ақ, заң жобасы бірыңғай сатып алушы тетігін енгізуді көздейді, оған сәйкес энергия өндіруші ұйымдар өндірілетін электр энергиясын электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға сатуды жүзеге асыруға міндетті. Спикер бұл әдіс тарифтерді әділ бөлу үшін қажет деп есептейді. 

Сонымен бірге, Нұрлан Қапенов елдегі жасыл энергияның дамуына кедергі келтіріп отырған себептерге тоқталды. Оның пікірінше, ұлттық валюта курсының тұрақсыздығы басты кедергінің бірі болып отыр. 

«Ұлттық валютаның құбылмалығы қолданыстағы жобаларға әсерін тигізіп жатыр. Өткен аптада ғана Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы көтерді, қазір ол 16,25% құрайды. Бұл Қазақстанда жобаларын жүзеге асырғысы келетін бизнесмендер мен инвесторларға қолжетімді несиелендіру тек 23-25 пайыздан кем емес. Ал бұл жоба өте ұзақмерзімді, өзін ақтау мерзімі 20 жылға дейін барады. Мұндай пайызбен жобаны тарифке кері әсерін тигізбей жүзеге асыру мүмкін емес екенін бәріміз білеміз. Себебі несиелендіру мөлшерлемесі қаншалықты жоғары болса, тарифке әсерін тигізетін болады», – деді спикер. 

Айта кетейік, республикада белгіленген қуаты 2322 МВт болатын 142  ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 43 жел электр стансасы, 54 күн электр стансасы, 40 гидроэлектрстансасы мен 5 биоэлектр стансасы бар.

Бүгінде елімізде өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінің 4,6 пайызын ЖЭК нысандары өндірген. Қазақстан билігі 2030 жылға қарай елде өндірілетін энергияның 15 пайызын жасыл энергиядан алуды жоспарлап отыр. 

Соңғы жылдары ЖЭК елдегі қарқынды дамып жатқан салаға айналды. Алайда бұл саланың әрі қарай дамуы тікелей электроэнергия саласына байланысты. Себебі электр энергетикасының қазіргі мүшкіл халімен әрі қарай ЖЭК дамыту мүмкін емес. Бізде теңгерімдеу қуаты жетіспейді. Қазір қордаланған проблемаларды ортаға салып, талқылауымыз керек. Бүгінде тәулік сайын шамамен 1 ГВт теңгерім қуатын Ресейден алып отырмыз. Бұл біздің ұлттық энергетикалық қауіпсіздігіміз өте төмен деңгейде екенін көрсетеді, – деп қосты спикер. 

Сонымен қатар, ол саладағы қордаланған проблемаларды кешенді түрде қарастыру керек деп есептейді. Ол үшін энергетика саласын дамыту стратегиясы қажет. 

«Менің ойымша Қазақстанда энергетика саласына стратегиялық көзқарас жоқ. Қолданыстағы құжаттардың ешқайсысында экономикалық есептеулер жоқ. Qazaq Green ЖЭК қауымдастығы биыл президентке хат жазып электр энергетка саласын дамыту стратегиясы мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жоба әзірлеу туралы бастама көтерді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен меморандумға қол қойдық. Бұл құжат әзірленген соң, болашақта энергетика саласын дамытудың ұлттық жобасына айналады деп есептейміз. Бұл құжаттың негізгі аспектісі экономикалық есептеулер болуы тиіс. Әсіресе бұл тарифке байланысты. Қандай жағдай болмасын, тариф өсуі керек. Энергетикадағы кез келген жаңғырту үшін, жаңа электр стансасы үшін бүгінгі күні соңғы тұтынушы төлейді. Яғни, ол шығынның бәрі тарифке енгізіледі. Сондықтан бұл құжатты әзірлеуіміз керек. Әрі оған біздің экономикамызды жақсы білетін отындық сарапшылар тартылуы тиіс», – деді Қапенов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама