×

«Қазақстан темір жолына» түбегейлі реформа жүргізу керек – сенатор

Компания меншігіндегі пойыздар әбден тозған

 Дәурен Ерболат 08.12.2022 | 14:45
Фото: Tengrinews.kz

Сенат депутаты Бауыржан Қаниев «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға түбегейлі реформа жүргізуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, темір жол саласындағы мәселелерді шешуді ұсынды.

Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрам паркінде 2 228 вагон бар. Олардың 35%-ының пайдалануға берілгеніне 28 жылдан асып кеткен. Тальго вагондарын есептемегенде, жолаушылар вагондары орташа есеппен 63%-ға, ал локомотивтер 67%-ға тозды, - деді сенатор.

Оның айтуынша, осыған қарамастан ішкі жүк тасымалы қымбат.

«Ол тауарлардың түпкі құнын арттыруға ықпал етеді. Мысалы, «ҚТЖ» АҚ меншігінде барлығы 170 тиеу-түсіру тұйықтары бар, ал олардың жеке меншіктегі саны 3 600-ден асады. Ондағы тарифтердің бақылаусыздығы мен алыпсатарлық әрекеттер теміржол жүгінің айтарлықтай қымбаттауына әкеп соғып отыр», - деді Бауыржан Қаниев.

Осы орайда ол ұлттық компанияда реформа жүргізіп, басшылыққа білікті мамандарды тартуды ұсынды.

Темір жол тасымалының әлеуметтік-экономикалық маңызы мен транзиттік әлеуетін ескерсек, «Қазақстан темір жолы» АҚ түбегейлі реформаларды қажет етеді. Осы мәселелерді шешу үшін ең алдымен саланың тәжірибелі мамандарын басшылық лауазымдарға тағайындаудан бастаған жөн деп санаймыз. Қазақстанда мемлекеттік активтерді жекешелендіру салдарынан болған жағымсыз жағдайларды ескеріп, жекешелендірілген тұйықтарды, багаж бөлімшелерін «Қазақстан темір жолы» АҚ меншігіне қайтару қажет, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама