×

«Жыл соңына дейін баға тағы өседі». Қаржыгер инфляцияға болжам жасады

Оның пікірінше, бағалар 20.7-21.2% аралығына дейін өседі

 Ербол Тұрымбет 05.12.2022 | 12:17
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше елдегі инфляция 19,6%-ға жетті. Оған ел ішінде күмән көп. Бұл туралы алдыңғы материалымызда айтқан едік. Ал «Jusan Analytics» зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықовтың пікірінше, сол ресми статистикаға сенімсіздік білдірудің қажеті жоқ.

Оның айтуынша, ресми инфляция халықтың жалпы тұтыну қоржыны бойынша есептеледі. Ол қоржынға тамақ өнімінің 160 түрі, азық-түлікке жатпайтын тауардың 243 түрі және ақылы қызметтің 105 түрі енеді.
Әнуар Қуандықов жыл соңына дейін бағалар 20.7-21.2% аралығына дейін өседі деп есептейді. Бүкіл тауар түрі қымбаттайды. Әсіресе, азық-түлік тауарлары бойынша баға өседі. Өйткені олардың арзандайтын маусымы аяқталған.

Бүгінде инфляцияның бүкіл әлемді шарпуына экономистің айтуынша, ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп жатыр. 

Біріншіден, сыртқы факторлар: қазір бүкіл әлемде азық түлік пен қуат көздерінің бағалары өршіп тұр. Энергия тасымалдағыштардың қымбаттағаны Қазақстан үшін әрине, тиімді. Өйткені біз оларды экспортқа шығарамыз. Бірақ, екінші жағынан, бұл тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына жанама түрде болса да әсер етеді. 

Екіншіден, бізбен сауда жасайтын барлық әріптес мемлекттерде инфляция өршіп тұр. Геосаяси шиеленіске байланысты өндіріске қажетті шикізаттар мен дайын тауарларды жеткізу жолдары қиындады. Оның үстіне теңге әлсіз. Осының барлығы шетелден әкелінетін тауарлардың қымбаттауына әкеп соғады. 

Ішкі факторларға келсек, бюджеттен бөлінетін шығындардың көбеюі мен несиенің көптеп берілуі сұранысты арттырып, ақырында халықтың уайымы қымбатшылықты одан әрі ушықтырып жібереді.

Айта кетейік, ресми статистика бойынша, өңірлер ішінде ең жоғары айлық инфляция қараша айында Ақмола облысында тіркелген – 2% (республикалық деңгей – 1,4%). 

Оның ішінде азық-түлік тауарлары бір айда Ұлытау облысында ең қатты қымбаттаған – 2,4%, республикалық деңгейден төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында – 1%.

Қарашада азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ең үлкен қымбатшылығы – 2,4% Ақмола облысында тіркелген. Ал ақылы қызметтер бойынша ең үлкен өсімді Маңғыстау облысы көрсетті – 2,1%.

Жалпы, базалық мөлшерлеме көтеріліп жатса да инфляция бәсеңдер емес. Әйтсе де сарапшылар қауымы оны тиімді құрал санайды. «Jusan Analytics» жетекшісінің айтуынша, инфляцияны ретке келтірудің мынадай да жолдары бар: 

  • Үкімет пен Ұлттық Банктің өзара келісілген үйлесімді саясаты;
  • теңгенің құбылмалы айырбас бағамын қамтамасыз ету. Ол сырттан және іштен келетін шоктарды өзіне сіңіріп, олардың экономикаға өтіп кетуіне жол бермейді; 
  • технологиясы күрделі, терең өңделген дайын тауарларды өндіру арқылы экономиканы әртараптандыру. Бұл шетелден келетін инфляцияны тежеп, теңге бағамына оң әсерін тигізеді.

Қоса кетерлігі, қазір Зимбабве (255%), Аргентина (88%), Түркия (85.5%) және Шри-Ланка (66%) әлемдегі инфляциясы ең жоғары елдер саналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама