×

Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай коллекциялық монета шығарылды

Оның таралымы - 15 мың дана

 Дәурен Ерболат 04.11.2022 | 12:20
Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк MÁNSHÚK MÁMETOVA. 100 JYL коллекциялық монетасын айналымға шығарды, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Монеталардың сатылымға түсетін күніне қатысты ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады. 

MÁNSHÚK MÁMETOVA. 100 JYL коллекциялық монетасы Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай шығарылды.

Монета бет жағының (аверсінің) орталық бөлігінде Қазақстанның елтаңбасы, оның сол жағы мен оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері бейнеленген.

Айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деп жазылған. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 TEŃGE» деген жазу бар.

Монетаның екінші жағының (реверсінің) ортасында Мәншүктің мүсіндік портреті, оның сол жағында – КСРО батырының алтын жұлдызы, сондай-ақ туған жылы мен мерейтойлық күнді білдіретін «1922» және «2022» деген жазулар бар. Оң жағында Мәншүк Мәметова ерлік жасап, қаза тапқан Невель қаласының картасы мен жазуының стильдендірілген бейнесі берілген. Монетаның жоғары жағында Кеңес Одағының батыры деген жоғары мемлекеттік наградасына ұсыну анықтамасының айшықты мәтіні басылған, - деп жазылған хабарламада.

Номиналы 100 теңгелік MÁNSHÚK MÁMETOVA. 100 JYL коллекциялық монетасы brilliant uncirculated сапасында мельхиор қоспасынан тұрады. Массасы – 15 грамм, таралымы – 15 мың дана.

Коллекциялық монеталар белгіленген құны бойынша Қазақстанда барлық төлем түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін барлық банкте аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға міндетті.  

Коллекциялық монеталар Қазақстанның теңге сарайында жасалған.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама