Halyq Uni логотип
×

Елордада бас санитар бизнес нысандарына шектеусіз кіруге рұқсат берді

Бұған дейін біраз шектеу болған еді

 Ербол Тұрымбет 24.02.2022 | 13:30
Елордада бас санитар бизнес нысандарына шектеусіз кіруге рұқсат берді
фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігерінің мәлімдеуінше, қазір апталық сырқаттанушылық көрсеткіші қаңтардағы ең жоғары апталық сырқаттанушылық көрсеткішімен салыстырғанда 84,8 есе, яғни 35 565 жағдайдан 419 жағдайға дейін төмендеген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның сөзінше, соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,4 есе, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 84,6-дан 33,9-ға дейін төмендеуі тіркелді. Сондай-ақ астанада коронавирустың тіркелу жағдайлары төмендеп, қала 16-ақпаннан бастап «сарыға», 21-ақпаннан бастап «жасыл» аймаққа өткен. 

Коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты бірқатар шектеу алынып тасталады: 

  • Ashyq қосымшасында «жасыл» және «көк» мәртебесі бар тұлғалар үшін әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін, күшейтілген санитариялық және дезинфекциялық режимін сақтай отырып, сауда-ойын орталықтарына, сауда үйлеріне, азық-түлік емес және азық-түлік сауда желілеріне, бассейндерге, ойын клубтары мен түнгі клубтарға, караоке және басқа да бизнес объектілеріне шектеусіз кіруге рұқсат етіледі; 
  • көрмелерді, марафондарды, спорттық, салтанатты, естелік, отбасылық іс-шараларды (банкеттер, еске алу), конференцияларды, форумдарды, ойын-сауық, діни объектілерде ұжымдық Құдайға сиыну және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға, өткізуге және баруға рұқсат етіледі; 
  • офлайн режимде ұйымдар мен кеңселер жұмысы үшін шектеулер алынып тасталды;
  • ауру белгілері болмаған жағдайда байланыста болған адамдар үй карантинінде оқшауланбайтын болды (Ashyq жобасынан «сары» мәртебесі алынып тасталды);
  • балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне білім беру ұйымдарының ғимаратына кіруге рұқсат етіледі.

Атап өтсек, коронавирус бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштерінің төмендеуіне және карантиндік шаралардың жеңілдеуіне қарамастан, коронавирус әлі де таралып, мутацияға ұшырап жатыр. Соңғы жүргізілген секвенирлеу нәтижесі бойынша, биылғы қаңтардан бастап бас қалада омикрон-штамм басым болып отыр. Оның ішінде «Дельта» штаммының үлесі – 29,4%. 

Бүгінде қалада вакцина алуға жататын халықтың 71,5% (509 мыңнан астам адам) бірінші және 67,3% (480 мыңға жуық адам) екі компонентін алған. Ал вакцинаның екі компонентін алғандар ішінде 284 814 адамның мерзімі 6 айдан асқан. Оларға шұғыл түрде иммунитетті көтеру үшін ревакцинация алу қажет. Қазір ревакцинацияға тиесілі халықтың тек 31,2%-ы алған.

Жуырда Қазақстанда карантин жеңілдеді. Бұған қоса 73 ел азаматтары визаны ресімдемей және ВАК рұқсатын алмай Қазақстанға келе алатын болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама