×

73 ел азаматтары визаны ресімдемей және ВАК рұқсатын алмай Қазақстанға келе алады

Бұл жеңілдіктерді елімізге тек әуе қатынасымен келетін адамдар пайдалана алады

 Қымбат Елтайқызы 18.02.2022 | 17:30
фото: ашық дереккөзден

Қазақстан шекарасынан өту тәртібі жеңілдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ел аумағында коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың 2022 жылғы 7 ақпандағы шешімімен «Қазақстанның Мемлекеттік шекарасынан 2020 жылғы 11 мамырдан бастап карантиндік шектеулер кезеңіндегі өту тәртібіне» өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес визасыз режим орнатылған елдер қатарындағы (біржақты тәртіппен немесе екіжақты келісім шеңберінде енгізілген) шетелдік азаматтарға, сондай-ақ үкімет шешімі бойынша тікелей әуе қатынасы қалпына келген мемлекеттер азаматтарына (өзекті ақпарат ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің тиісті ресурстарында тұрақты жарияланады) әуе қатынасы арқылы Қазақстанға кіру кезінде ВАК рұқсатын алу талабы алынып тасталды.

Бүгінгі таңда еліміз екі жақты келісім негізінде 19 мемлекетпен визасыз режим орнатты (Кубамен келісім ратификациялау сатысында). Бұған қоса 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 54 мемлекет азаматтарына Қазақстанға кіру үшін 30 күндік визасыз режим қалпына келді. Осылайша, қазір әлемнің 73 мемлекетінің азаматтары визаны ресімдемей және ВАК рұқсатын алмай еліміздің халықаралық әуежайлары арқылы Қазақстанға келуге құқылы. Жоғарыда аталған елге кіру және транзиттік өту жеңілдіктері Қазақстанға тек әуе қатынасы арқылы келетін адамдарға қатысты екенін еске саламыз. Басқа жағдайларда әлі де ВАК рұқсаты қажет, – дейді Сыртқы істер министрлігі.

Егер еліміздің халықаралық келісімдерінде өзгеше тәртіп көзделмесе, барлық жағдайда карантиндік шектеулер мен визалық талаптарды сақтау міндетті.

Қазақстан азаматтарының еліміздің халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына да рұқсат етілді. Сондай-ақ шекарадан өту жиілігі бойынша мерзімді шектеу 30 күннен 15 күнге дейін қысқарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама