×

Елімізде кәсіпкерлердің қандай қылмысқа жиі баратыны белгілі болды

Құқық бұзушы кәсіпкерлердің көпшілігі Алматы және Қостанай облыстарында тұрады

 Еркеғали Болатұлы 18.10.2022 | 15:10
фото: ашық дереккөз

Биыл 9 айда Қазақстанда 596 кәсіпкер қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Құқықтық статистика комитетінің берген есебіне сүйенсек, бұл – былтырғы көрсеткіштен 6,7 пайызға аз. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.

Құқық бұзушы кәсіпкерлердің көпшілігі Алматы және Қостанай облыстарында тұрады екен. Әрқайсысында заң бұзған 55 адамнан бар. Одан кейін Жамбыл облысы (50 адам) мен Астана (46 адам) тұр.

Секторда құқық бұзушылардың ең аз саны Маңғыстау және Қызылорда облыстарында, әрқайсысы 12 адамнан тіркелген.

Көбінесе Қазақстандағы кәсіпкерлер жеке меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтар жасайды екен. Бұл ретте алаяқтық, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау әрекетімен 194 адам ұсталған.

Одан кейінгі орында сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар тұр. Ондай қылмыстар бойынша 99 адам ұсталды десек, бұл көрсеткіш – өткен жылмен салыстырғанда, 65 пайызға көп. Құқық бұзушылардың басым бөлігі пара алу (54 адам) немесе пара беру (40 адам) бойынша ұсталған.

Ал басқалары – экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтар. Оған қатысты 98 құқық бұзушы анықталды. Оның ішінде көбінесе жалған шот-фактуралар, сондай-ақ салық төлеуден жалтару немесе қаржылық пирамидалар жасау фактілері тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама