×

Биыл елімізде балық өнімдерінің бағасы 15 пайызға өскен

Ең алдымен жаңа ауланған балық бағасы Павлодар, Қостанай және Маңғыстау облыстарында өсті

 Еркеғали Болатұлы 17.10.2022 | 10:41
фото: ашық дереккөз

Қазақстанда бір жылда балық 15 пайызға қымбаттады деп хабарлады Energyprom.kz.

Қаңтар мен тамыз аралығында Қазақстанда 30,8 мың тонна балғын және мұздатылған балық өндірілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 15,5 пайызға артық. Мысалы, Қызылорда облысында балық кластері белсенді дамып келеді. Онда 15 мың тонна балық өнімін өндіретін 10 зауыт бағалы балық түрлерін көбейтуге маманданған.

Соңғы 8 айда республикада небәрі 6,6 мың тонна дайын немесе консервіленген балық, уылдырық және оның алмастырғыштары өндірілген. Бұл сегментте Түркістан облысы көш бастап тұр – 2,4 мың тонна. Биыл қаңтар-шілде қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпорындар өңделген және консервіленген балық, шаян және моллюскаларға сұранысты 53,1 пайызға қамтамасыз етті. Елімізге 28,7 мың тонна өнім әкелінді. Осы кезеңдегі өнім 32,5 мың тонна болған.

Биылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша, балғын балық бір жылда 15 пайызға, мұздатылған балық 15,1 пайызға, қабығы аршылған мұздатылған асшаяндар 26,4 пайызға қымбаттаған.

Ең алдымен жаңа ауланған балық бағасы Павлодар (44,7 пайызға), Қостанай (24,7 пайызға) және Маңғыстау (24 пайызға) облыстарында өсті. Мұздатылған балық бағасы Маңғыстау (43,4 пайызға), Жетісу (35,2 пайызға) және Атырау (29,6 пайызға) облыстарында айтарлықтай өскен.

Балық өнімдері ішінде тұздалған майшабақ бір жылда 34,2 пайызға, балық консервілері 29,6 пайызға, майдағы шпрот 24,9 пайызға, салқын ысталған скумбрия 23,8 пайызға, тұздалған деликатес балық 22,2 пайызға, қызыл уылдырық 21,2 пайызға қымбаттаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама