×

Ауыл шаруашылығы көрмесінде сиыр сауатын робот аппарат таныстырылды

Кәсіпкер сүт фермаларына субсидияны қайтаруды сұрайды

 Ая Өміртай 12.10.2022 | 16:14
Фото: Halyq Uni

Астанадағы «EXPO» ХКО-да Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік KazAgro/KazFarm-2022 көрмесіне соңғы үлгідегі роботтандырылған сиыр сауу аппараты қойылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Роботтандырылған аппарат адамның қатысуынсыз сиырды өзі сауып береді. Құны – 90-150 мың еуро.

«Westfalia Казахстан» ЖШС директорының орынбасары Серік Нұрымов бізге роботтың жұмыс істеу тәртібін таныстырды. Айтуынша, мұндай аппарат бір сиырды 4-6 минутта сауып шығарады. Әр сиырдан тұқымына қарай күніне 30 литрге жуық сүт алады.

«Бұл – роботтандырылған сиыр сауатын аппарат. Мұнда адамның қатысуының ешқандай қажеттілігі жоқ. Әр сиырға арналған жеке-жеке қондырғы болады. Құлағына, мойнына орнатылады. Келіп тұрған сиырды арнайы бағдарлама арқылы робот таниды, сауу керек жағдайда есігі ашылады. Өздігінен сауылады, сауын аяқталған соң сиыр өзі шығып кете береді. Қазақстанда әлі қолданыста жоқ, соңғы үлгідегі робот. Германияда жасалған. Келіссөздер жүргізіліп жатыр, тапсырыс бергендер бар», – дейді Серік Нұрымов.

Ал аппарат құны комплектацияға байланысты өзгереді. Бағасы шамамен 90-150 мың еуро аралығында. Аталған комания сүт, мал шаруашылығы саласында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізгі бағыт – сүт өндіру.

«Бас мердігер ретінде сүт тауарлары өндірісін құрамыз. Қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз. Тапсырыс берушінің өтінішімен көрсетілген жерде жобалаудан бастап, құрал-жабдықты жеткізу, орнату, эксплутация жұмыстарын түгел орындаймыз. Бүгінге дейін 20-30-дан астам жобаны Қазақстанда жұзеге асырдық. Құрал-жабдықты жеткізу бойынша нарықтың 95 пайызын біздің компания атқарып отыр», – дейді Серік Нұрымов.

Оның айтуынша, Қазақстанның көптеген ірі қалаларында компанияның сервистік қызмет көрсету орталықтары бар. Техниканы көбінде Германиядан жеткізіледі. Соңғы уақыттағы жағдайлар бойынша логистикалық тұрғыда уақыт жағынан өзгерістер болғанын айтқан ол мемлекеттік қолдау салалары бойынша мәселелер бар екенін жеткізді.

«Бүгінгі көрме фермелер үшін тәжірибе, пікір алмасу мақсатында оңтайлы алаң деп есептеймін. Мемлекеттік қолдау бойынша мәселелер бар. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет фермерлерге құлақ асса деймін. Фермерлердің негізгі талабы – қаржыландыру, субсидия мәселесі», – деді Серік Нұрымов бізге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, сүт-тауар фермасына қатысты осыған дейінгі беріліп келген субсидияның кей түрі алынып тасталмақ.

«Ашық айтайын, субсидияға қатысты кей түрін алып тастамақ. Бірақ мұның соңы дұрыс болмайды. Сүт-тауар фермерлеріне берілетін субсидиялау алынып тасталса, жобаның өтелу уақыты соншалықты үлкен емес. Сүт-тауар фермаларына қатысты айтар болсам, қаржылай өтімді сала. Ал өзіміз бұл салада ұзақ жылдан бері жүргендіктен ішкі жағдайы бізге аян. Сүт-тауар фермасын бір жолға қоюға, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, іске қосуға көп қаржы кетеді. Сондықтан мемлекет фермерлерге құлақ аса отырып, бұрынғы субсидияны өзгеріссіз қалдыруды сұрайды. Субсидия туралы көп талқыланып жатыр. Фермерлердің өтініші осы», – деді ол.

Айта кетелік, 12-14 қазанда Астанада Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік KazAgro/KazFarm-2022 көрмелері өтіп жатыр.

KazAgro/KazFarm көрмелерінің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді көрсету және Қазақстанның барлық фермерлерін бірегей алаңға біріктіру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама