×

Оралдағы карьер дауы: экология министрі сот шешімімен келіспейді

«Жайық орманы» резерваты құрылып, өзен маңы ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналады

 Халық үні 04.10.2022 | 10:07
Коллаж: Халық үні

Батыс Қазақстан облысында эко-белсенділер Жайық өзені бойындағы үш гектар жердегі орманды отап, астынан құм-қиыршық тас өндірмек болғандарға қарсы шықты. Белсенділер Оралға барған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің қабылдауында болып, мән-жайды түсіндірді.

Жайық – аймақтың негізгі су артериясы. Қоғам белсенділері оның дәл жағасынан құм қаза беру өзенге орны толмас зиян келтіретінін айтады. Әрі Жайықтың жағасындағы 3 гектар орманды кесу жоспарланған.

«ЖАЙЫҚТЫҢ ТАРТЫЛУЫНА КАРЬЕР ӘСЕР ЕТТІ»

Жайықтың жағасында ашылады деп жоспарланған карьерге қатысты бірнеше рет сот отырысы өтті. Сот процесі екі жылға созылып, нәтижесінде компанияның барлық әрекеті заңды деп танылды. Яғни, сот ормандағы ағаштарды кесуге рұқсат берді.

Айта кетейік, жақын арада Орал – Ақсай күре жолы жөндеуден өтеді. Құм-қиыршық тас шығаратын карьер де осы жолдың жанында салынады деп жоспарланған.

«БҚО-да құм шығаратын 68 карьер бар. Тағы біреуі не үшін керек? Жол құрылысына тазартылған құм-қиыршық тас қоспасы керек. Облыста ондай сапалы қоспаны өндіретін басқа карьерлер де бар. Ал экскаватор арқылы құм шығаратын өндірістердің кесірінен Жайық өзенінде құмды лай пайда болды. Ол құм ағыспен біраз жерге дейін барып шөгеді. Шөккен жерінде құмды аралдар пайда болады. Жайықтың түбін құмға толтырады», - дейді эко-белсенді Нұрлыхан Әбенов.

Табиғат жанашырларының айтуынша, кесуге тыйым салынған орман белдеуі Жайық өзенінің су қорғау функциясын, қорғаныс функциясын орындайды. Өзен бойында ағаштар болмаса, су азая береді.

ОРМАНДЫ ҚОРҒАҒАН БАСШЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Орманды карьерге айналдырғысы келген компаниямен соттасып жүрген Артур Мергенов 2019-2021 жылдары БҚО әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болған.

«АВУАР-company» ЖШС-дан 2020 жылы өтініш түсті. Біз олар сұраған учаскенің мемлекеттік орман қорындағы жер екенін анықтап, беруден бас тарттық. Сот оларды қолдады. Жоғарыдан қысым жасалып, 2021 жылы 31 желтоқсанда мені жұмыстан заңсыз шығарды. 2022 жылдың қаңтарында қызметімді заң арқылы қайта қалпына келтірдім, бірақ өз еркіммен жұмыстан кеттім. Теректі ауданында осындай өндіріспен айналысқысы келген бірнеше компания мені сотқа берді. Жуырда салынатын Орал – Ақсай тас жолы осы Теректі ауданының үстінен өтеді. Бұл карьерлер ашылса құм-қиыршық тас жақын жерден тасылады. Ал облыста 68 карьер болғандықтан, орманды отау мақсатсыз деп санаймын»,- деді Артур Мергенов.

Биыл тамызда Артур Мергеновтің орнына келген жаңа директор «АВУАР-company» ЖШС-мен бітімгерлік келісімге келген. Үшінші рет өткен сотта екі жақ та талап арызын кері алған. Эко-белсендінің айтуынша, «АВУАР-company» секілді осы орман алқабынан құм өндіруге бес компания өтініш берген.

«Бітімгерлік келісім жасалған тамыз айына дейін карьер ашу мәселесі көтерілмеді. Тамызда компанияға Жайық өзенінің жағасындағы мемлекетпен қорғалған орман белдеуін кесуге лицензия берілді. Бұл жағалау 1970 жылдары зерттелген, ол кезде орман белдеуі болмаған. Ағаштарды кесу ол орман белдеуінің экожүйесін бұзады. Уақыт өте келе Жайық өзенінің арнасын, алқабын өзгертеді. Жайықтан шығатын Киров каналына су бармай қалу қаупі бар. Бұл каналға өте көп бюджет қаржысы жұмсалды», - дейді Артур Мергенов.

Ол сондай-ақ 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жер қойнауын пайдалану» туралы заңның өзгерген 25-бабы бойынша лицензияны жергілікті әкімдік өздігімен бере алмайтынын алға тартты.

«Өзен жағасындағы мың метр жер қорғалған. Сол арақашықтан кейін ғана құм қазуға рұқсат бере алады», - дейді ол.

«ЖАЙЫҚ ОРМАНЫ» РЕЗЕРВАТЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Экология министрі Серікқали Брекешевпен кездескен жергілікті белсенділер өзен аңғарындағы орман алқабын карьерге айналдыруға тыйым салуды сұрады.

«Бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдау керек. Құм-қиыршық тас өндірісіне лицензияны біздің министрлік емес, жергілікті әкімдік берді. Төрелігін сот айтады. Бұл орман алқаптарының заңды мәртебесін жуық арада өзгертеміз. Ал сот шешімін өзгерту немесе су қорғау аймағына қатысты өзгерістер сот арқылы шешіледі», - деді экология министрі.

Ол сондай-ақ министр ретінде өзен аңғарынан құм-қиыршық тас алу жұмыстарын жүргізуді қолдамайтынын айтты.

«Орманның оталуына қарсымын. Әрі бұл менің жеке ұстанымым. Бұл жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналдырамыз. Ол үшін «Жайық орманы» резерваты құрылады. Қазір оның негіздемесі, құжаттары дайын. Сол кезде бұл аймақтарда орман шаруашылығынан басқа барлық қызметке тыйым салынады. Бұл мәселе осылай шешіледі», - деді Серікқали Брекешев.

Айтуынша, бұл мәселені биыл шешуге болады. Себебі жақында «Жайық орманы» резерватын құру жайлы қаулы шығады.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама