×

Әскери бөлім маңында оққа ұшқан көпбалалы әкеге қатысты сот процесі басталды

Қайғылы жағдай Талдықорған маңында болған

 Халық үні 03.10.2022 | 16:10
Halyq Uni

Алматы горнизоны әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевтың өліміне қатысты іс қаралды. Оған Талдықорған қаласының шетіндегі әскери бөлім маңында оқ тиген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алғашқы сот отырысында тараптар іспен танысты. Жәбірленуші тараптың адвокаты Қадыр Бересалған тергеуде Марк Злуняевтің кінәсі толық дәлелденді деп есептейді. Ол күдіктінің бостандықта жүргенін сотқа келгенде білген.

«Заң бойынша күдікті еркіндікте жүрмеуге тиіс. Бұл жайтты бүгін біз бірінші рет көріп, қынжылып отырмыз. Себебі бес жылдан артық үкім шығарылатын баппен айыпталған адам қамалуы керек. Өкінішке орай, ол қамалған жоқ. Тергеп-тексеру амалдары кезінде Марк Злуняевтің кінәсі толық дәлелденді деп есептеймін. Біз алдағы сот отырысында оның қамалғанын сұраймыз», - деді Бересалған.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының басшысы Амангелді Шорманбаев күдікті қару қолданып, оқ атқанын мойындағанын, алайда адам өлтіргенін мойындамағанын айтады.

Оның сөзінше, «қасақана кісі өлтіру» бабымен басталған іс «билікті асыра пайдалану» бабына ауысқан. Ол тергеудің әділ жүргізілгеніне күмәнмен қарап отыр.

«Күдікті бостандықта жүр. Адам өлтірілгені бәрімізге мәлім. Ол оқ атқанын мойындады, бірақ кінәсін мойындамады. Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша («қасақана кісі өлтіру») басталған іс 451-бапқа («билікті асыра пайдалану») ауыстырылған. Бұл екі бап бойынша берілетін жаза мерзімінің айырмашылығы 10-15 жыл. Бұл фактілер нені көрсетеді? Тергеу тарапы қылмыс жасаған адамдарды тиісті жазаға тартқысы келмейтін сияқты», - деді Шорманбаев.

Құқық қорғаушы егер сот күдіктіге тиісті жаза бермесе, онда бұл істі Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитетіне жіберуге болатынын айтады.

«Біз халықаралық құжаттарға қол қойдық. Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің 6-бабы бойынша ешкімнің өмірін еркінен тыс қиюға болмайды. Егер бұл істе күдіктіге тиісті жаза бермесе, осы бап бұзылады. Бұл істі болашақта БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне жіберуге болады», - деді Шорманбаев.

Айта кетейік, Ерназар Қырықбаев 5 қаңтарда мал жаюға шыққан. Талдықорған шетіндегі әскери бөлім маңында оққа ұшқан. Марқұмның артында 4 баласы қалды.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама