×

«Ананы жылатпаңдар»: несиесін төлей алмаған әйел ауқатты азаматтардан көмек сұрады

Алтынгүл Аябаеваның айтуынша, үйін банк ескертпестен басқа адамға сатып жіберген

 Халық үні 30.09.2022 | 18:06
Halyq Uni

Талдықорғандық Алтынгүл Аябаеваның несие аларда кепілге қойған үйін банк ескертпестен сатып жіберген. Соған байланысты кейінгі кезде жеке сот орындаушылары үйіне жиі келе бастаған. Алайда әйел үйді босатпайтынын айтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

58 жастағы Алтынгүл Аябаева Талдықорған қаласында тұрады. 2013 жылы сал ауруына шалдыққан баласының емі үшін ВТБ банктен 3 миллион теңге несие алған.

«Баламның ауруына ем іздеп бармаған жерім жоқ. Қызымның емі үшін 3 миллион теңге қарыз алдым. Қиналып жатқанын көру қиын еді. Ол кезде жұмысым бар болатын. Несиені ай сайын төлеп тұратын жағдайым болды. Қанша жерге барсам да, қызым 14 жасында қайтыс болды. Содан кейін жұмыс істей алмай қалдым. Алғашқы 7 айында несие төлемін жасадым. Кейін төлей алмадым. Қазір бұл қарыз 5 миллион теңге болыпты», - дейді әйел.

Айтуынша, қазір тұрып жатқан үйі кепілде тұрған.

Бұл үйді банк үшінші адамға сатып жіберіпті. Қазір бізден үйді босатуды талап етіп күн сайын жеке сот орындаушылары келеді. Үйімізден берекеміз қашты. Бұл үйде менімен бірге екі қызым және олардың 6 баласы тұрады. Биыл балаларды уақытылы оқуға жібере алмадық, - дейді Алтынгүл Аябаева.

Әйелдің айтуынша, үйді 2012 жылы сатып алған. Қазір нарықтағы бағасы – 40 миллион теңге шамасында. Алайда банк үшінші тұлғаға сатып жібергендіктен, сатуға шығара алмайды немесе өз атына аудара алмайды.

Ол үшін алдымен несиені толық төлеу қажет.

«2018 жылы үйді сатып жіберген. Мен оны білмедім. Маған хабарлаған жоқ. Банк үйдің 5 миллион 700 мың теңгеге сатылғанын хабарлады. Оның ішінде 5 миллионды банк несие үшін алып қалатынын, үстіндегі 700 мың теңгені алып кету қажет екенін айтты. Мен ол ақшаны алмайтынымды айттым. Мен үйімді босатпаймын», - дейді Алтынгүл Аябаева.

Айтуынша, несиені басқа жолмен жабуға тырысқан. Алайда нәтиже болмаған.

«2 жыл бұрын Ұлттық банкке хат жаздым. Олар да шешімді өзгеріссіз қалдырды. ВТБ банктен несиенің мерзімін ұзартып беруін сұрадым. Ештеңеге келіспеді. Үйді босатудан басқа амалы жоқ екенін айтты. Маған үйді сатуға мүмкіндік берсе, әрекет етер едім. Кішкентай балалармен бірге далада қаламын ба? Бұл үйден менің өлігім шығады», - дейді әйел.

Ол сондай-ақ президент пен ауқатты азаматтардан көмек сұрап отыр.

Банкке қарызымды қайтаратын жағдайым жоқ. Елім, жұртым деп жүрген азаматтардан, президентімнен көмек сұраймын. Қазақтың аналарын жылатпаңдар, - дейді ол.

Заңгер Қуаныш Лезбековтің айтуынша, бұл борышкердің басындағы жалғыз баспанасы болса, одан айыруға заң жол бермейді.

«Банктің іс-әрекеті қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін несие келісімшарты, кепілге қою келісімшарты, соттың шешімі, борышкерге хабарланғаны туралы құжаттарды зерттеу арқылы ғана білуге болады. Кепілге қойылған үй борышкердің жалғыз баспанасы болса, одан айыруға заң жол бермейді», - дейді заңгер.

Шынаргүл Оңашбай, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама