×

Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан аса шағым түседі – ІІМ

Әкімшілік қамауға алудың ең аз мерзімі 5 тәуліктен бастап белгіленетін болды

 Динара Амантай 30.09.2022 | 17:12
Фото: ашық дереккөз

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізу мәселелері қаралды.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 100 мыңнан аса шағым келіп түсетінін баяндады. Бұл ретте жағдайлардың 60%-ында жәбірленушілер құқық бұзушыларға қатысты шаралар қабылдаудан бас тартады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ІІМ отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жауапкершілікті қатаңдату шараларын, сондай-ақ отбасының шырқын бұзушыларды оңалту және олармен тәрбие жұмысын жүргізуді қамтитын қадамдарды әзірледі. Осылайша, бұл саладағы іс-қимылдарды үйлестіру үшін уәкілетті мемлекеттік органды белгілеу ұсынылып отыр, бұл репрессивті шараларға емес, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын, балаларды тәрбиелеу және жалпы, отбасы мәртебесін көтеру мәселелерін шешуге басымдық беруге жол ашады.

Сонымен қатар тұрмыстық қылмыстарды тіркеудің өтініш беру түрінен анықтау сипатына көшу жоспарлануда, бұл полицияға құқық бұзушыны жәбірленушілердің шағымынсыз, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, жазаның бұлтартпаушылық принципі қамтамасыз етіледі.

Бұдан басқа, әкімшілік қамауға алудың ең аз мерзімін 5 тәуліктен бастап белгілеу, тергеу кезеңінде отбасының шырқын бұзушыны оқшаулау және оны соттың қамауға алу мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ тараптардың тек бір рет және сотта ғана татуласуына мүмкін беру ұсынылуда.

Цифрлық технологияларды және деректерді талдауды пайдалана отырып, қандай да бір проблемалар туындауы мүмкін қауіпті аймақтағы отбасыларды анықтау қажет. Қылмыстардың немесе басқа да заңсыз әрекеттердің жасалуын күтпей, ең алдымен, осыларға назар аудару керек. Құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден гөрі оның алдын алған әлдеқайда дұрыс, — деді премьер-министр.

Сондай-ақ ВАК отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшу мәселесі қаралды, оның шеңберінде азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетуге және құқықтық тәртіп саласындағы проблемаларды бірлесіп анықтау және шешу үшін мемлекеттік институттардың қоғаммен тұрақты әріптестік қатынастарын қалыптастыруға баса назар аударылады.

Премьер-министр ІІМ-ге мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуді, ал өңірлердің әкімдіктеріне жергілікті жерлерде сервистік модельді сапалы масштабтау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

«Бұл – мемлекет басшысы бастамашы болған құқық қорғау саласындағы маңызды реформалардың бірі. Жыл қорытындысы бойынша әрбір өңірдің осы бағыттағы жұмысына баға беріледі», — деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама