×

Калифорнияда мектепте атыс болып, 6 адам жарақаттанды

Екі адамның жағдайы өте ауыр

 Динара Амантай 30.09.2022 | 14:40
Фото: vlasti.info

Калифорния штатының Окленд қаласындағы бірнеше мектеп маңында болған. Соның салдарынан 6 адам жарақаттанды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, NBC News арнасына сілтеме жасап.

Атыс 4 мектеп орналасқан кампуста болды. Оның ішінде Rudsdale орта және жоғары мектебі, Bay Area технологиялық мектебі және Sojourner Truth жекеменшік мектебі бар. Окленд полициясы бастығының көмекшісі Даррен Эллисон жарақат алғандар Sojourner Truth мектебінен табылғанын айтты.

Жарақат алғандардың алтауы да ересек адам. Олар жергілікті ауруханаларға жеткізілді, екеуінің жағдайы өте ауыр.

Полиция қызметкерлері қылмыстың себептері мен күдіктілер туралы мәлімет бермеді, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Билік атыс ұйымдастырған бір адамды іздестіруге кірісті, сондай-ақ атысты бірнеше адам жасады деген нұсқа да қарастырылып жатыр.

Окленд мэрі Либби Шааф бұл оқиғаның «жан ауыртатынын» және «елде атыс қаруына шектеусіз қол жеткізу кешірілмейтінін» жеткізді.

Бұл – Окленд мектебінде бір айдан аз уақыттағы екінші атыс. Билік 29 тамызда Мэдисон Парк академиясында 12 жасар жасөспірім мектептегі 13 жасар жеткіншекті жарақаттағанын хабарлады.

Жарты миллионға жуық халқы бар Окленд қаласы қару қолданып, күш танытуға қарсы күресіп жатыр. Полиция басшысы Леронн Армстронг жуырда зорлық-зомбылықты қысқарту жоспарын таныстырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама