×

«Адам да, мал да қырылып жатыр». Тараз тұрғындары теміржол бойына өткел салып беруді сұрайды

ҚТЖ өкілдері тұрғындардың талабы орынсыз екенін айттты

 Ұлдана Жұбай 17.02.2022 | 18:19
фото: Halyq Uni

Тараз қаласының іргесіндегі үш елдімекен мен бірнеше саяжай тұрғындары шойын жолдың қос қапталын қоршауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, теміржол бойында адам мен мал шығыны көбейген.

Қаладағы «Казарма» алқабының тұрғындары бұл елдімекенді «қауіпті аумақ» деп атап кеткен. Өйткені теміржол рельсімен ары-бері қатынайтын пойыз талай жан мен малдың қырылуына әсер етіп отыр. Жергілікті тұрғындар әкімдіктен пойыз жолдың бойына дабыл сигналын орнатып, өткел салып беруін талай жылдан бері сұрап келеді екен. Дегенмен, тұрғындардың талабына ешкім құлақ аспаған.  

«Теміржолдың арғы бетінде футбол алаңшасы, мешіт, мектеп бар. Енді сол нысандарға бару үшін бізге өткел керек. Байқасаңыз, бұл жерде қарама-қарсы бағыттағы екі жол бар. Яғни бір пойыз арғы беттен келсе, біреуі бергі беттен келеді. Бұл жерде қанша адам қырылды?! Бұрын теміржол өткелі болған. Қазір ол да жоқ. Не дабыл сигналы жоқ, не бағдаршам жоқ. Соның біреуін жасап берсе дейміз. Бұл аумақта мыңнан аса адам тұрады. Енді олардың өмірне кім жауап береді? Бекерге өзіміз шырылдап қаламыз ғой», - дейді қала тұрғыны Жәнібек Нұржанов.

Бүгінде 300-ге тарта түтіні бар елдімекен тұрғындары малмен жан бағып отыр. Олар адамдарды былай қойғанда, малдың да шығыны көп екенін айтады.

«Бұл жердегі тұрғындардың басым бөлігі мал ұстайды. Ал, бергі бетте жайылым жер жоқ. Жайылым жердің бәрі пойыз жолдың арғы бетінде. Малымызды арғы бетке өткізе алмаймыз. Жағдай жасалмаған. Ары-бері өтетін пойыз көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын екінші сынып оқушысын қағып кетті. Енді малдың шығынын айтпасақ та түсінікті ғой. Қырылып жатыр, есеп жоқ», - дейді тағы бір қала тұрғыны Абсаттар Серікбаев.

Ал, жауаптылар бұл аумаққа өткел салу талапқа сай келмейтіндігін айтады. Сондықтан тұрғындарға арғы бетке өту үшін алқаптан төрт шақырым алыс жатқан «Құмшағал станциясына» баруды ұсынып отыр.  

«Жерасты немесе жерүсті өткел салу ҚТЖ құзырына кірмейді. Біз бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін теміржолдың қос шетін темір бағаналармен қоршап бергенбіз, бірақ оны тұрғындардың өздері бұзып тастаған. Талап бойынша бұл жерге өткел салуға болмайды. Өткелдер станция бойында салынады. Сондықтан тұрғындар осы жерден төрт шақырым алыс орналасқан Құмшағал станциясы бойындағы өткелден өтуі керек, - дейді ҚТЖ-ның Жамбыл магистральді жол бөлімінің жетекші инженері Сержан Мырзабаев.

Еске салайық, былтыр Таразда 9 адамды пойыз қаққан, оның біреуі – кәмелет жасына толмаған жасөспірім.

Казарма алқабы — Тараз қалалық әкімдігіне қарасты ауыл. 2012 жылға дейін Тараз қаласына іргелес жатқан Жамбыл ауданының құрамында болған.

Әу баста Казарма темір жол айрығының алғашқы үйлері теміржолшылар үшін тұрғызылған. Оны жұмысшылар «Полуказарма» деп атаған екен. Ел аузында Казарма елді мекені Ақтам деп те айтылады. Казарма темір жол айрығы Талас және Аса өзендерінің оазисінде орналасқан, суы мол, жері құнарлы, тұрғындары бау-бақша өсірумен айналысады. Сондықтан бұл жерге кейінірек халық көбірек көшіп келе бастаған.

Қазақстанның 2001 жылғы 8 желтоқсандағы «Теміржол көлігі туралы» және басқа да теміржол көлігіндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес нұсқаулықтар бойынша қоршалмаған учаскеде малды теміржолдан 300 метр қашықтықта арқандаулы бағуға ғана рұқсат берілген. Ал, теміржолдан 2000 метр қашықтыққа дейінгі малдар үнемі қадағалаумен бағуға рұқсат етілген. Егер осы заңдылықтар сақталмаған жағдайда, теміржолдың жиегіне мал жайғаны үшін және теміржолдың жиегіндегі қардан қорғағыш ағаштарды, құмнан қорғағыш қамыстарды және басқа да теміржолдың материалдарын бүлдірген болса, мал иесіне ҚР «Көлік және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңының 30-бөлімінің 559-бабына сәйкес әкімшілік шара қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама