×

Орталық сайлау комиссиясы үндеу жасады

ОСК азаматтарды құқықтық сауаттылық танытуға шақырды

 Дастан Жұмабекұлы 29.09.2022 | 18:07
фото: ашық дереккөз

Орталық сайлау комиссиясы үндеу жасады.

ОСК сайлаушылар тізіміне енгізілу –  сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі екенін атап өтті. 

Тізімдерді дауыс беруге арналған нақты учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жасайды. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімдерге олардың орналасқан жері бойынша әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі.

Дауыс беру күні тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әрбір азамат дауыс беру күніне бір ай қалғанда, яғни 2022 жылғы 20 қазанынан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, олардың нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы, –  делінген хабарламада. 

Одан кейін үндеуде жергілікті әкімдіктердің өтініш түскен кезде азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастыратыны айтылған.

Осы құқықты:

дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтынын білетін азаматтар;

басқа қаладан келген, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында оқитын, жатақханалардан тыс тұратын студенттер;

вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.

"Азамат сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізіле алады. Сайлаушылар тізіміне тіркелген жеріңіз бойынша енгізілгеніңізді тиісті әкімдіктің сайты немесе Call-орталығы арқылы тексеруге болады.

2022 жылдың 4 қарашасынан бастап Сізге өз учаскеңіздегі сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеру мүмкіндігі берілетін болады, –  делінген хабарламада. 

Үндеудің соңында Орталық сайлау комиссиясы азаматтарды құқықтық сауаттылық танытып, сайлауға қатысуға шақыратынын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама