×

«Уақытша қиындық»: Ұлттық экономика министрі ресейліктердің Қазақстанға ағылуы жайлы

Министр тұрғындарды алаңдамауға шақырды

 Дәурен Ерболат 27.09.2022 | 12:50
Фото: Halyq Uni

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ресейліктердің Қазақстанға келуі уақытша қиындық екенін айтып, қазақстандықтар сабыр сақтауға шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Ресейде жарияланған ішінара мобилизацияға байланысты Қазақстанға адамдар келіп жатыр. Бұл – уақытша қиындық. Себебі, олардың басым бөлігі Қазақстаннан үшінші елдерге кетеді. Әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түседі. Алайда бұл – уақытша мәселе. Ол шешіледі», - деді басшы Үкімет отырысынан соң.

Сондай-ақ Әлібек Қуантыров «Қазақстан неге ресейліктерге көмек көрсетуі керек?» деген сұраққа жауап берді.

«Ресейден келіп жатқан адамдарға шекара маңында тұратын халық көмектесіп жатыр. Қазақстанның шекарасы ашық. Халықаралық заңды сақтап, ашық саясатты ұстанамыз. Бірақ біз бекітілген заңнама аясында жұмыс істеп жатырмыз. Ресейліктердің Қазақстанда 90 күн болуға құқығы бар. (Ресейліктердің Қазақстанға келуі – автор) ұлттық мүддеге қайшы емес», - деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы қазақстандықтардың жұмыссыз қаламыз деп алаңдауына еш негіз жоқ екенін атап өтті.

Алдымен қазақстандықтарға жұмыс берілуі керек, - деді Әлібек Қуантыров.

Еске салайық, биыл 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған еді. Кейін ресейліктер Қазақстан, Армения, Грузияға ағыла бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама