×

Жастарды жұмыспен қамту үшін 300 млрд теңге керек – министр

Президент Жолдауда жыл сайын 100 мың жасты жұмыспен қамтуды тапсырған

 Дәурен Ерболат 26.09.2022 | 15:39
фото: ОКҚ

2025 жылға дейін жастарды жұмыспен қамту үшін 300 млрд теңге қажет. Заң жобасы Мәжілісте қаралады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде 2000 жылдары туған жастары еңбек жасына жетті. Қазір жұмыс күшінің 56%-ын 1987 жылдан кейін туған жастар құрайды, ал 2030 жылға қарай жалпы жұмыс күшінің дені 2000 жылдан кейін туған жастардың үлесінде болады. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір біз Әлеуметтік кодексте жастарды жұмыспен қамтуды мемлекет, жұмыс беруші, азамат қағидатын енгіземіз, - деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Тамара Дүйсенова жастарды жұмыспен қамту үшін заңға қандай өзгерістер мен толықтыру енгізілетінін түсіндірді.

«Біріншіден, Әлеуметтік кодексте біз жастарды жұмысқа тарту қарастырып отырмыз. Ол жыл сайын 100 мыңнан аса жасты мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындарына тарту. Екіншіден, кәсіп ашуға ынтасы бар жастарға қайтарылатын 2% жеңілдікпен кредит беру. Қазір біз бұл мәселені ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ауыл шаруашылығы корпорациясымен қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бірақ кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға грант беру жалғасады. Биыл оның мөлшері 1 млн 200 мың теңгеден асты», - деді ведомство басшысы.

Министр президент тапсырмасын орындару үшін қомақты қаражат керегін атап өтті.

Мұны жүзеге асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған бюджетте 300 млрд теңгенің есебін бердік. Ол Мәжілістегі заң жобасында қаралады, - деді Тамара Дүйсенова.   

Серіктес жаңалықтары

Сараптама