×

Таразда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған коттедждерді тонап кеткен

255 үйдің 46-сы ғана тұрғындарға берілген

 Ұлдана Жұбай 25.09.2022 | 13:28
Halyq Uni

Таразда құрылысына 4 млрд теңге бөлінгені айтылған коттедж үйлер әлі күнге дейін толық салынбады. Қаланың шетінде біркелкі үлгідегі үйлер 4 жыл бұрын қолданысқа берілуі керек еді. Алайда 255 үйдің қазір 46-сы ғана несиеге берілген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы басталған жоба жарты жолда тоқтаған, соны пайдаланып бәзбіреулер үйдің жарық және жылу желілерін қолды қылған. Соған қарамастан кей үйлер тұрғындарға несиеге берілген. Тұрғындар қолды болған мүліктің орнын өздері толтырған.

«Берілген үйдің кем-кетігі өте көп. Осы үйге кірген кезде 4 терезесі сынық болатын. Үйдің іші шаң-тозаң басқан. Суды жылытатын қазандығы ұрланған, сынған. Қондырғының қирап, бұзылған орны үңірейіп көрініп тұр. Мұндай үйді қалай береді? Мен осы үй үшін айына 63 мың теңге несие төлеймін. 20 жылда толық төлеп құтыламын. Бірақ кірген кезде газ бен жылу құбырларын жөндеуге, жарық сымдарын тартуға 3 миллион теңге ақшам кетті. Әкімдік те, банк те шығынымды төлемеді», - деді қала тұрғыны Серік Сұлтанбеков.

Тараз қаласы әкімдігі қаржылық қиындықтарға байланысты үйлер толық салынбады деп отыр. Төрт мердігер компания құрылысты жалғастыруға құлық танытпайды. Өйткені мердігерлер құрылыс заттары қымбаттағанын айтып, әр үйдің шаршы метр құнын 120 мың теңгеден 170 мың теңгеге көтеруді сұрайды.

Әкімдік қаржысына қиналған соң 22 гектар аумақ қараусыз қалған. Салдарынан баспаналардың басым бөлігі тоналған. Енді олар қолды болған құбырларды жалғап беруге асықпай отыр. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі инфрақұрылым желілерін әр үйге кіргізіп беру бағдарламада қаралмағанын айтады.

Таразға жаңа келген әкім жоба жалғасады деп үміттендіріп отыр. Қазір қаржы мәселесі қайта қаралып жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы басталған үйлердің құрылысы енді «Қуатты өңірлер» жобасымен жалғасуы мүмкін.

«Жолда қалмайды. Жалғасады. Бірақ біз алдымен жобаға қажет қаржы мәселесін шешуіміз керек. Әр шаршы метрдің құны 170-200 мың теңге төңірегінде болады деп отырмыз. Қаржысы қайта қаралып жатыр. Республикалық бюджетке ұсыныс бердік, жауабы жақын арада келеді», - деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Айта кетейік, қазірге дейін қолданысқа берілген үйлерге бір миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Жоба жалғасса, элиталы үйлер кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Қазір өңірде 37 мың адам үй кезегінде тұр. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама