×

Үкіметтік делегация Екібастұзға барып, «Маугли» балалардың мәселесін көтерді

Таяуда Екібастұзда аш қалған, түрлі ауруға шалдыққан төрт бала табылған болатын

 Қымбат Елтайқызы 16.02.2022 | 14:00
фото: ашық дереккөзден

Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды.

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Павлодар облысына келді. Екібастұз қаласында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді, сондай-ақ өңіраралық кәсіптік орталықта болды.

Кеңесте халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына медициналық көмек көрсету мен оларды әлеуметтік қорғау жүйесіндегі проблемалар мен шешу жолдары талқыланды. Сондай-ақ қоғамнан ұзақ уақыт бойы оқшауда өмір сүрген төрт баланың резонансты жағдайы қаралды. Қиын жағдайға тап болған отбасы Екібастұз пәтерлерінің бірінен табылды. Қазір оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде, ал құзыретті органдар тарапынан көмекке мұқтаж балалар мен ата-анасының жергілікті атқарушы органдар назарынан тыс қалып қоюының себебін анықтау үшін тергеу жүргізілуде.

Балаларды әлеуметтік қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде 6,3 млн бала бар, бұл Қазақстан халқының 32%-ын құрайды. Біз әр баланың өміріне жауаптымыз, - деді Тоғжанов.

Кеңес барысында вице-премьер орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдеріне бір ай мерзімде әлеуметтік және медициналық көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауға кірісуді, балалардың тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуін қадағалау мүмкіндігімен олардың қозғалысын есепке алудың электрондық картасын енгізуді және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекітуді тапсырды.

12 ақпанда Екібастұзда волонтерлер, полиция қызметкерлері мен қамқоршылық органдары аш қалған төрт баланы анықтады. Берекесіз отбасы туралы полицияға көршілері хабарлаған. Балалар дұрыс тамақтанбаған, далаға шықпаған және Маугли секілді адамдардан оқшау өскен. Аналарының айтуынша, олардың жағдайы нашарлап, бір жыл бұрын жүре алмай қалған. Волонтерлер жедел жәрдем шақырғаннан кейін балалар анасымен бірге шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Облыстық балалар ауруханасына жатқызылған кішкентай қыздан коронавирус, қалған үш ұлдан пневмония анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама