×

Ақтөбе облысында апатты жағдайдағы мектептер мәселесі қалай шешіліп жатыр

Қобда ауданында бір мектептің құрылысы тоқтатылды

 Айгерім Таубай 22.09.2022 | 15:54
Коллаж: Халық үні

Ақтөбе облысында 2022-2023 оқу жылында мектептерде 175 290 оқушы білім алып жатыр. Облыс бойынша 426 мектеп бар, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның ішінде 404 мемлекеттік жалпы орта білім беретін мектеп (166 773 оқушы), 14 жекеменшік (7 700 оқушы), 2 кешкі (86 оқушы), 4 түзетуге арналған мектеп (614 оқушы), бір Назарбаев зияткерлік мектебі (817 оқушы) және бір спорт бағытындағы мектеп-интернат (300 оқушы) бар.

4 МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰР

Облыс бойынша апатты жағдайда тұрған 4 мектеп бар.

Оның бірі Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында орналасқан. Мәселені шешу үшін 60 балаға арналған мектеп салынып жатыр.

«Қазір аппатты жағдайдағы мектеп корпусы жабылып, екінші корпуста 34 бала білім алып жатыр», - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.

Бір мектеп Әйтеке би ауданында орналасқан. Комсомол орта мектебіндегі мәселені шешу үшін 60 орынға лайықталған интернат және 270 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды. Қазір 254 бала Әйтеке би көпсалалы колледжі ғимаратында білім алып жатыр.

Қобда ауданындағы Терісаққан орта мектебінің мәселесін шешу мақсатында жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 60 орынға арналған мектеп құрылысы тоқтатылып, мердігермен сот процедурасы жүргізіліп жатыр. Апатты жағдайдағы ғимарат бөлігі жабылып, екінші бөлігінде 103 бала оқып жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облысының білім басқармасы.

Апатты жағдайдағы бір мектеп Ақтөбе қаласында орналасқан.

«Қызылжар орта мектебінің жаңа құрылысын жүргізу үшін 320 орынға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Қазір апатты жағдайдағы ғимарат жабылып, Есет батыр – 4 мөлтек ауданында ашылған жаңа мектепке 859 оқушы барады», - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ жыл соңына дейін апатты жағдайдағы мектеп санын 3-ке дейін азайту жоспарланған.

40-ТАН АСА ПЕДАГОГ ҚАЖЕТ

13 қыркүйектегі ақпарат бойынша, облыс бойынша 46 педагогтің орны бос тұр.

Кадр тапшылығы Ақтөбе қаласында, Хромтау және Ойыл аудандарында байқалады, - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ жылының басында 355 педагог жұмысқа қабылданды.

«Сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында жыл сайын жергілікті гранттар бөлінеді. 2019 жылы грант бойынша оқуға түскен 23 студенттің 16-сы педагогикалық мамандықтар бойынша (2023 жылы оқуын аяқтайды) білім алып жатыр. 2020 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен 187 грант бөлінді. Грант иегерлерінің басым бөлігі бастауыш сынып, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика және химия пәндерінің мұғалімдері», - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.

Сондай-ақ мектептер компьютермен неше пайыз қамтамасыз етілгені нақтыланды. Қазір облыста 4 балаға бір компьютерден келеді. 404 білім беру ұйымында 50 626 компьютер бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама