×

Антикор жемқорлық туралы хабарлаған азаматтар қалай қорғалатынын айтты

Жемқорлық жайлы мәлімет берген адам жұмыста қуалауға ұшырап, қысым көруі мүмкін

 Айнұр Шошаева 16.02.2022 | 11:30
Марат Ахметжанов, Антикор төрағасы

Антикор басшысы Марат Ахметжанов жемқорлық фактілері туралы хабарлаған қазақстандықтарды қорғау жүйесін желідіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы агенттік басшысы Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.

«Бүгінде мемлекеттік қорғау тетіктері тек қылмыстық процестерге қатысқан адамдарды қорғауға негізделген. Ал жемқорлық туралы хабарлайтын адамдар қылмыстық процеске қатысы болмауы мүмкін. Оған қоса қорғау шарасы тек зорлық-зомбылық немесе күш қолдану қаупі болған кезде ғана қолданылады. Мысалы, заңнамада мұндай тұлғалардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қамтылмаған», - деді агенттік төрағасы.

Марат Ахметжановтың айтуынша, жемқорлық фактілері туралы құзырлы органдарға ақпарат берген азаматтардың жұмысында қудалауға ұшырау тәуекелдері бар. Сондықтан, агенттік ол азаматтарды қорғаудың бірнеше жолын ұсынып отыр.

Біріншіден, хабарлаушының еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын қорғау. Оларға қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесін алқа отырысында қарау мүмкіндігін белгілеу.

«Бұл ретте мұндай шешім әділ және ашық болуы үшін отырысқа міндетті түрде агенттіктің өкілі шақырылады. Екіншісі жемқорлық туралы хабарлаған адам жөніндегі мәліметті құпия сақтау. Ал оны жария еткендер үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыру. Бұл шаралар әшкерелеуші адамның құқығын қорғауға кепілдік береді деп ойлаймыз», - деп қосты Марат Ахметжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама