×

Павлодар облысында бұралқы иттер қойларды қырып жатыр

Сорақысы, олар үй ауласында байлаулы тұрған иттердің өзін жеп кететін болыпты

 Еркеғали Болатұлы 21.09.2022 | 17:39
фото: ашық дереккөз

Павлодар облысында өрістегі ұсақ малдарға шабуылды үдеткен бұралқы иттер тұрғындарды қанқақсатып жатыр. Сондықтан жұрт жергілікті билік өкілдерінен олардың көзін құртуды талап етіп отыр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, ауылда қой саны кеміп барады. Есесіне бұралқы иттер көбейген. Оларды атуға заңмен тыйым салынғандықтан, ешкім өздігінен өлтіре алмайды.

Қаңғыған иттер өте қорқынышты, адам екен деп именбейді, талап тастауға дайын. Көз алдымда қойдың туталақайын шығарды. Дым істей алмай қалдым. Өйткені иттер көп болды. Полиция, прокуратуға шағым түсірдік, бірақ нәтиже жоқ, - дейді Таволжан ауылының тұрғыны Сәкен Рахымжанов.

Жалпы, бұл Таволжан ауылында 4 мыңнан аса тұрғын бар. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Олар жарты жылда 50-ге тарта малдан айырылдық дейді. Шамамен 2 миллион теңге шығын келген. Сорақысы, бұралқы иттер үй ауласында байлаулы тұрған иттердің өзін жеп кететін болыпты.

Бұл өте қиын жағдай. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тұрғындардың шағымымен ветеринарлар төрт мәрте келіп, ит аулаған. Жалпы саны 50-ге тарта бұралқы итті алып кетті, - дейді Равнополь ауылдық округінің әкімі Мұхтар Ысқақов.

Жергілікті жұрт қорқыныштың көкесі қыста бола ма деп күдіктенеді. Өйткені жазықтан азық таппаған бұралқы иттер ауылға кіріп, мал мен адамға бірдей шабуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама